04 нау, 2022 сағат 10:34

Украинада Еуропадағы ең ірі АЭС өртенді - видео


Ресей әскері Запорожье атом электр станциясын атқылағаннан кейін станциядағы энергоблок пен оқу-жаттығу корпусында өрт басталған. Украина төтенше жағдай қызметі үшінші энергоблоктың біртұтас энергожүйеден ажыратылғанын хабарлады. 4 наурыз Киев уақытымен түнгі сағат 3-те алты блоктың тек біреуі ғана жұмыс істеп тұрды, деп хабарлайды Азаттық.

"Еуропадағы ең ірі АЭС-тен ядролық қауіп-қатер туындады. Бірінші энергоблокқа кірдік, құтқарушылар өртті сөндіре алмай жатыр, себебі Ресей әскері атқылауын тоқтатар емес" деді станцияның баспасөз хатшысы Андрей Туз.

Кейінірек АЭС-ке өрт сөндірушілер жіберілген.

Запорожье АЭС-і – Еуропадағы ең ірі атом станциясы. Бұған дейін бақылау камераларынан АЭС жаққа қарай зымырандар ұшып жатқаны байқалған.

Украина төтенше жағдай қызметі Киев уақытымен түнгі сағат 3-те АЭС-те радиация жағдайы қалыпты екенін хабарлады.

АЭС-тің атқылануына байланысты Украина президенті Владимир Зеленский видеомәлімдеме жасады: "Еуропадағы ең ірі атом станциясы өртеніп жатыр. Ресей танкілері атом блоктарын атқылап жатыр. Ол танкілерде тепловизор бар. Олар нені атып жатқанын біледі. Олар соған дайындалған. Барша украин азаматтарына, еуропалықтарға және Чернобыль деген сөзбен таныс барлық азаматқа қайырыламын. Ол жарылыс ғаламдық апатқа айналған. Оның салдарымен жүздеген мың адам күресті. Ресей соны қайталағысы келеді. Тарихта алғаш рет мемлекет ядролық террормен айналысып жатыр. Ресейлік насихатшылар әлемді радиоактивті күлге айналдырып жіберетінін айтқан. Енді бұл қоқан-лоқы емес – нағыз шындыққа айналды" деді ол.


АЭС-те өрт болғанын Энергодар қаласының мэрі Дмитрий Орлов та растады.

"Бүкіл әлемге қатер төніп тұр. Жаудың үздіксіз атқылауынан кейін Запорожье атом электр станциясы лапылдап жанып жатыр" деді Орлов.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Ресейді атқылауды тоқтатып, өрт сөндірушілерге өртті сөндіруге мүмкіндік беруге және АЭС маңында қауіпсіз аймағын орнатуға шақырды.

Ол мәлімдемесінде АЭС жарылатын болса, оның салдары 1986 жылғы Чернобыль апатынан он есе күшті болады деп жазды.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) атом электр станциясының маңында жүріп жатқан атқылаулардан хабардар екенін мәлімдеді. Олар Украина премьер-министрі Дмитрий Шмыгаль мен атомды қадағалау жөніндегі мемлекеттік агенттік өкілдерімен келіссөз өткізген. Әзірге келіссөздің жай-жапсары белгісіз. Халықаралық ұйым станция маңындағы барлық әскери қимылды тоқтатуға шақырды. Зеленский жағдайды Франция, Польша, АҚШ президенттері, Германия канцлері, Ұлыбритания премьер-министрімен талқылағанын айтты.

Соғыстың алғашқы күндері Ресей әскері Чернобыль АЭС-ін басып алған. Олар сол кезде Энергодар қаласындағы Запорожье АЭС-ін басып алуға тырысқан. Бірақ ол жақта жергілікті тұрғындар станцияға баратын жолдарға көлік қойып тастап, өздері де жолға шығып бекітіп, әскерді өткізбеген. Қазір олар қайта шабуылдай бастаған.