19 жел, 2019 сағат 14:59

Украинада депутаттардың тиіспеушілік мәртебесі жойылады

18 желтоқсанда Украинаның жоғарғы радасы депутаттардың тиіспеушілік мәртебесін жою туралы заңды екінші оқылымда мақұлдады. Жобаға 291 депутат қолдап дауыс берді. Құжат 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Депутаттар бұл заңды 3 желтоқсанда алғашқы оқылымда қарап мақұлдаған. Бірақ екінші оқылымға дейін заң жобасына 101 түзету енгізуді ұсынған. Олар ұсынған 32 түзету толығымен немесе жартылай қабылданған.

Депутаттардың тиіспеушілік мәртебесін жою - бұл президент Владимир Зеленский мен оның "Слуга народа" партиясының сайлауалды кампаниясы кезінде сайлаушыларға берген негізгі уәделерінің бірі. Президенттің пікірінше, бұл заң жемқорлық бабы бойынша күдікке ілінген депутаттардың үстінен тез қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік береді.

"Европейская солидарность", "Батькивщына" және "Голос" фракциясынан ешкім заң жобасын қолдамады.

Заң Украина Конституциясынан "депутаттардың тиіспеушілігіне кепілдік беру" жайлы 80-бапты алып тастауға мүмкіндік береді. Конституциядан сонымен бірге халық депутаттары "Украинаның жоғарғы радасының келісімінсіз қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, ұсталмайды немесе қамалмайды" деген бап алынады.

Бұл заңға сәйкес, заң бұзған депутаттар туралы ақпаратты сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша біріңғай реестрге бас прокурордың енгізуіне құқығы бар. Бас прокурор ұстауға да рұқсат береді. Украинаның жемқорлықпен күрес орталығы сарапшылары бұл бас прокуратураның "осы салада монополия жасауына мүмкіндік береді", басқа ведомстволар депутатты пара алған жеріне ұстаса да, тергеу бастай алмайды деп сынайды.