Фото: ашық дереккөздерден
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас прокуратураға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев пен «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің сұхбаттарында айтылған мәліметтерді тексеруді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы А.Шабдарбаевтың өзі бірнеше рет ашық сұхбат берді. Бұрынғы төраға, генерал-лейтенант А.Шабдарбаевтың сол кездегі мемлекет басшылығы тарапынан уран кеніштері кімге, қалай үлестірілгені туралы сұхбаттарда нақты мысалдар бар. Ол кісі әртүрлі саяси фамилияларды атап, кімнің қандай қылмысқа барғанын әшкереледі. Жер-қазба байлықтарына байланысты, олардың заңсыз үйлестірілуіне тікелей дәлелмен Мұхтар Жәкішев, тағы да басқа бірқатар азаматтың ашық сұхбаттары, мәлімдемелері жарияланып, онда ірі компанияларға Қазақстан халқына тиесілі байлықтың таратылуы, заңсыз берілу фактілері нақты айтылған. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары, прокуратура тарапынан ешқандай реакция байқалмайды. Бірде бір мәселе көтерілмейді», - делінген депутаттық сауалда.
Заңгердің айтуынша, Қылмыстық-процесстік кодекстің 180-бабы осындай сұхбаттарда айтылған деректер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға мүмкіндік беретінін айтады.
«Жоғарыда аттары аталған азаматтардың саяси қызметте болғанын білеміз, олардың мәлімдемелерінің негізі бар деп есептеуге болады. Тіпті олай болмаған жағдайдың өзінде, ақпарат ҚПК 180-бабының талаптарына сәйкес, тіркеліп сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижесі халыққа хабарлануы керек деп білемін. Себебі, БАҚ-та жарияланған қылмыс туралы ақпараттарды СТБТ-ға тіркеу құқық қорғау органдары үшін талқылауды қажет етпейтін, императивті норма болып табылады. Бас прокуратура – заңдылықтың орындалуын қадағалайтын конституциялық орган ретінде, қоғамда резонанс тудыратын саяси мәлімдемелерге дер кезінде құқықтық баға беруі, дәлелдер мен дәйектер жеткілікті болған жағдайда қылмыстық істің сотқа жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет», - деді Абзал Құспан.