28 қар, 2018 сағат 10:52

Үкіметтік емес ұйымдар патриот болуы керек - Назарбаев

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өмірлік жолында кәсіптік-техникалық оқу орнында алған «болат қорытушы» мамандығы өзін қалай алға жетелегенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір адамның қандай да бір күрделі жайға душар болып, мүгедек болуы - үлкен қайғы. Алайда осы қасіретке бой бермей, адам еңсесін тіктеп, он рет құласа да, алға ұмтылатын адамдар - біздің бүгінгі батырларымыз. Олар орнынан тұру былай тұрсын, өзі қатарлы адамдарды да оқытып жатыр. Бізде Қазақстанда бәріне жұмыс табылады. Мен әрдайым осыны айтып отырамын. Кез келген жерде вакансия болғандықтан, Қазақстанда жұмыссыздар болмауы керек. Мәселе - кейбір адамдарда мамандықтарының болмауында. Мамандығы бар адамдарда жұмыссыз қалу қаупі жоқ. Астанада мәселен құрылысшылар, дәнекерлеушілер жетіспейді. Сондықтан мен жастарға бірінші кезекті жұмысшы мамандығы тегін берілуі керек идея көтеріп, Үкімет оны жүзеге асырып жатыр», - деді Мемлекет басшысы елордада өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда.

Нұрсұлтан Назарбаев жастардың бір бөлігі қазіргі таңда университет, колледждерге барып жатса да, кейбірі ешқайда орнын таппай қалатырын тілге тиек етті.

«Міне, осы жастарды кәсіптік білім беретін оқу орындарында мемлекеттің есебінен оқу оқып алуға шақырамыз. Бұдан артық жастарға не ұсынуға болады. Яғни, Үкіметтік емес ұйымдар жергілікті орындарда жұмыссыз жүрген жастарды сұранысы бар 17 облысқа жіберетін болса, мәселе шешіледі. Мен де өмір жолын осылай бастағанмын. Ондайлар көп. Кәсіптік-техникалық оқу орнында алған «болат қорытушы» мамандығы мені алға жетеледі. Мен соғыстан кейін кедейшілікте өмір сүрген ауыл баласымын. Киерге киіміміз жоқ еді. 15 жасқа дейін тойып тамақ ішкен кезім есімде жоқ. Бәлкім, осыдан  кейін денеміз ірі болған да шығар», - деп сөзін әзілмен аяқтады Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бала кездегі осы ортадан кейін ауыр жұмысқа түскенін еске алды.

«Пештің жанында күрек ұстап жұмыс істедік. Алдың - 1500 градустық металл, артың - 40 градус суықта еңбек еттік. Осының бәріне шыдау керек болды. Сондықтан, жастар еңбекке ден қоюы тиіс. Мынау әлем әділеттілікке толы деп сенбеу керек. Әділетсіздікті еңсеру керек. Бәлкім, Кеннеди ме екен бір кісінің: «Үкімет маған қалай көмектесті деп емес, мен Үкіметке қалай көмектестім» дегеніндей ой жүруі керек. Үкіметті біз өзіміздің немерелеріміз бен шөберелеріміз үшін құрып жатырмыз. Сол себепті, Үкіметтік емес ұйымдар патриот болуы керек», - деді Президент.