28 мам, 2024 сағат 12:49

Үкіметте заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеу мәселесі қаралды


© Sputnik / Болат Шайхинов


Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.


Комиссия отырысында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі даму мәселелері, тіл мәдениетін арттыру және тілдік капиталды нығайтуға бағытталған үйлесімді әрі теңгерімді тіл саясатын жүргізу мәселелері қарастырылды.


Отырыс барысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іске асырылу барысы және мемлекет басшысының тапсырмасына орай мемлекеттік тілде жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, тілге қатысты заманауи IT-жобаларды әзірлеу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.


Сондай-ақ әділет министрі Азамат Есқараевтың мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесі, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының қызметі туралы қоғамдық бірлестіктің президенті Рауан Кенжеханұлының баяндамалары тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.