ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Әлиxан Смайылов президенттік сайлауға жұмсалатын қаржының нақты сомасын атады, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.
Бүгін Үкімет кезектен тыс президент сайлауын өткізуге үкімет резервінен 9,4 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Смайыловтың айтуынша, қаражаттың негізгі бөлігі республика бойынша құрылатын 10 мың сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталмақ.
"Сайлау учаскелеріне 70 мыңға тарта адам тартылады. Бұл ақша, негізінен, сайлау учаскелерінде істейтіндердің жалақысына жұмсалады", - деді ол үкімет кулуарында.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы үкіметтен 12 миллиард теңге сұраған болатын. Қаржы министрі бұл соманың неге азайтылғанын түсіндірді.
"О баста өтінімдер өңірлерден келді. Біз әр аймақ бойынша сайлау учаскелерінің саны мен оған тартылатын адамдардың санын нақтыладық. Сол кезде кейбір адамдардың сайлау науқанының соңына дейін істемейтіні анықталды. Тағы да басқа жағдайлар бар. Соның бәрін ескеріп, нақтылап, 9,4 миллиард теңгеге түзеттік", - деді Смайылов.
Айта кетсек, осы жылдың 9 маусымында Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы өтеді. Президенттікке кандидаттарды ұсыну 28 сәуірге дейін жалғасады. Үміткерлерді елімізде ресми тіркелген партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынуға құқылы.