19 нау, 2023 сағат 09:18

Үкімет отставкаға кетеді – Әлихан Смайылов

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайылов Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берді.

Үкімет басшысы Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасының ғимаратында орналасқан №111 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

"Біз былтыр өте қиын жағдайда болдық. Дегенмен экономиканың нақты 3,2 пайызға өсуін қамтамасыз ете алдық. Бұл ретте екі халықаралық агенттік біздің тәуелсіз инвестициялық рейтингімізді растады, тіпті болжамды жақсартты. Жалпы, өткен жылы қиын жағдайларға қарамастан, біздің экономикамыз тұрақты дами алды деп санаймын", - деді ол тілшілерге жауап беріп.

Сондай-ақ Премьер-министр Үкімет сайлаудан кейін отставкаға кететінін айтты.

"Конституцияға сәйкес, Парламент жаңадан сайланған соң Үкімет өз өкілеттігін тоқтатады. Біз отставкаға кетеміз. Бірақ жаңа үкімет құрылғанға дейін міндетімізді атқара береміз. Жаңа Премьер-министр кім болатынын Президент пен жаңа Мәжіліс шешеді. Әрине, біз кез келген өзгерістерге және әрқашан мемлекет игілігі үшін жұмыс істеуге дайынбыз", - деді Әлихан Смайылов.