Үкіметтен құрылған арнайы комиссия «Bek Air» компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған жерге келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
«2019 жылғы 27 желтоқсанда сағат 07:22 - де Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктен айырылып, бетонды қоршауды сындырған.
Ұшақ Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала және Әл-мерек елді мекендерінің ортасындағы екіқабатты құрылыс нысанына соғылған. Дереу құтқару жұмыстары басталды, өрт болған жоқ. Оқиға орнына медициналық көмек көрсету үшін 40 жедел жәрдем бригадасы жіберілді.
Алматыда құлаған ұшақ ісіне қатысты ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Р.Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ж Б.Атамқұлов және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Алдын ала деректер бойынша бортта 95 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.
Әуе кемесінің ұшуға жарамдылық сертификаты 2019 жылдың мамыр айында берілген. Борттың шығарылған уақыты 1996 жылдың сәуір айы. Қазақстандық реестрде 2016 жылдың 26 тамызынан тіркеліп тұр. Әуе компаниясындағы Fokker-100 әуе кемесінің саны -10, олардың 9-ы ұшуға жарамды.
Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанның авиация комитетінің әкімшілігі «Бек Эйр» әуе компаниясының ұшақтарын тоқтатты.