13 мау, 2024 сағат 15:27

Үкімет қол жеткізілген Қазақстан-Корея келісімдерін іс жүзінде жүзеге асыруға дайын

Сурет: ҚР Үкіметі

Астанада Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Юн Сок Ёльдің келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі іске асыру мәселелері талқыланды. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, өнеркәсіп, энергетика, авиация және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды күшейтуге назар аударылды.

«Қазақстан сауда-экономикалық әріптестікті дамытуда үлкен перспективаларды көріп отыр. Екіжақты ынтымақтастықтың серпінді дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды жүзеге асыруға бірден кірісуге дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.


Қазақстан энергетика, сирек кездесетін жер металдарын игеру және қайта өңдеу, инфрақұрылым, автомобильдер мен олардың компоненттерін өндіру, су ресурстарын тиімді пайдалану, қаржы және басқа да перспективалы салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.

Өңдеу секторын дамыту — Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатындағы Қазақстан Үкіметі жұмысының басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда корей компанияларының қазақстандық машина жасауды дамытуға инвестиция салуының жоғары көрсеткішіне қол жеткізілді. Елімізде автомобиль кластерлері құрылуда, құрамдас бөлшектер өндірісін ретке келтіру жоспарлануда. Мысалы, Алматыда Hyundai маркалы автомобильдерді шағын тораптық құрастыру, Қостанай облысында KIA бренді автомобильдерінің өндірісі, Семей қаласында Daewoo Bus Global автобустарының бірлескен өндірісі жолға қойылған. Жақын арада кореялық компаниялар Қазақстанда автомобильдерге арналған орындықтар мен мультимедиа шығара бастайды.