24 жел, 2019 сағат 09:10

Үкімет басшысы жеңілдетілген несие беру ісін жетілдіруді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «қарапайым заттар экономикасы» салаларын, жергілікті қамтуды және импортты алмастыруды дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметов баяндама жасады, ол осы жылдың 20 желтоқсанындағы жағдай бойынша «қарапайым заттар экономикасы» салаларын жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында 206 млрд теңгеге 830 жоба мақұлданғанын мәлімдеді, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласында 172 жоба, АӨК қайта өңдеу бойынша – 79 жоба, АӨК-тегі өндіріс бойынша – 579 жоба. Оның ішінде 707 жоба кеңейтуге және жаңғыртуға, 123 жоба жаңа кәсіпорындарға несие алды. Екінші деңгейлі банктерде 212 млрд теңге сомасына жобалар қаралып жатыр.

Жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын жетілдіру мақсатында Үкіметтің жобалық кеңсесі инвестициялық мақсаттарға несие мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартуды ұсынды, бұл ұзақ өтелімділік мерзімі бар ірі жобаларды қолдап, оларға табыстылық деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, несиелендіруге арналған тауарлардың тізімін кеңейту, несиенің мақсатына байланысты (жұмыс орнын, өндіріс көлемін, салықтық түсімдерді, кірістердің өсуін ұлғайту) бизнеске ыңғайласпа міндеттемелерді белгілеу, тамақ өнеркәсібі саласында айналымдағы қаражатты 100%-ға дейін толықтыруға несие беру, туризм саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін ҚДБ бағдарламасына қатысу мәселелері қарастырылуда. 

Жалпы, осы жылдың 1 шілдесінен 1 желтоқсанына дейін CT-KZ сертификаты бар жеткізушілерде өңірлердің мемлекеттік сатып алуларындағы жергілікті қамтудың үлесі 2%-дан 39%-ға дейін өсті, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп — 1%-дан 40%-ға, жиһаз өнеркәсібі — 5%-дан 39%-ға дейін, құрылыс индустриясы — 1%-дан 36%-ға, азық-түлік өнеркәсібі — 1%-дан 41%-ға дейін артты. 

«Қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауына алынған. Ішкі нарықты отандық тауарлармен барынша молықтыру үшін жергілікті өндірушілердің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жұмысты әрі қарай жалғастыру қажет», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр «қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында әлеуетті кәсіпкерлерді іздестіру және олардың жобалары толық іске асырылғанша оларды сүйемелдеу бойынша өңірлердің белсенді жұмысының қажеттілігін атап өтті.

А. Мамин мақұлданған жобалар бойынша ең жақсы көрсеткіштерге ие өңірлерді атап өтті, олар — Батыс Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары. Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау және Қостанай облыстары артта қалушы өңірлер ретінде аталды.

Үкімет басшысы әсіресе реттелетін сатып алуларда жергілікті қамту үлесін дамыту бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтті.

«Орталық және жергілікті атқарушы органдар әрекет етіп тұрған заңнаманы қатаң сақтауы тиіс және отандық өндірушілерді қолдаудың қолда бар құралдарын белсенді пайдалануы қажет. Бұл біздің барлық квазимемлекеттік секторымызға және, ең алдымен, сатып алу үлесі едәуір "Самұрық-Қазына" холдингіне қатысты», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр мемлекеттік сатып алу бойынша ДСҰ келісіміне кіру процесіне жауапкершілікпен қарауды, сатып алуларға талдау жүргізуді және отандық тауар өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

«Біз таяу келешекте көрсеткіштердің елеулі өсуін және Бағдарламаны іске асырудың нақты нәтижесін көруге тиіспіз», — деп А. Мамин, Жобалық кеңсе аясындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.