ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов билік бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елордада өтіп жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезіне қатысты.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, билік пен бизнестің сындарлы өзара іс-қимылы әлеуметтік тұрақтылықтың негізін құрайды. Үкімет бизнеспен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Баршаңызды Президент белгілеген міндеттерді бірге іске асыруға шақырамын. Атамекен палатасының шеңберінде және жақында құрылған Үкімет жанындағы отандық кәсіпкерлер кеңесінің жұмысына белсенді атсалысу керек», - деді Ә. Смайылов съезде.
Премьер-Министрдің айтуынша, отандық бизнесті дамытуда Үкімет тарапынан қолдау әдетінше жалғасады.
«Үкімет пен бизнес-қоғамдастықтың ортақ күш-жігерінің арқасында ғана жетістіктерге қол жеткізуге болады. Барлық қиындықтарды еңсереміз», - дейді ол.