02 қыр, 2021 сағат 10:27

Үкімет басшысы: Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау жұмысы жалғасады


Мемлекеттік қаржыны басқаруды жетілдіру макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау одан әрі экономиканы әртараптандыруды, шикізатқа қатысты емес экспорттың өсуін және өнімділіктің жоғарылауын қамтамасыз етеді. Жолдауды іске асыру аясында шағын және орта бизнеске қажетті мемлекеттік қолдау көрсету және жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау бойынша кешенді жұмыс жалғасады», - деді Премьер-Министр.. 

Оның атап өтуінше, мемлекеттік қаржыны басқаруды жетілдіру макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл экономиканың сапалы дамуы үшін негізгі шарт болып табылады.

«Геология саласын кешенді дамыту бойынша қойылған міндеттер елдің минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, оның орнықты толығуына жағдай жасауға мүмкіндік беріп, инвесторлардың қызығушылығын біршама арттырады. Кешенді цифрландыру және заманауи цифрлық технологиялардың трансферті бойынша жүйелі шаралар экономиканың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады. Ал мемлекеттік секторды цифрлық қайта жүктеу - мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады», - деді Үкімет басшысы.