Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке энергия тұтынуды азайту алгоритмдерін дайындауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміздегі энергия үнемдеу тапсырмасын Елбасы бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл ретте Инвестициялар және даму министрлігі өнімнің әр бірлігіне (...) шаққанда энергия тұтынуды азайту алгоритмдерін дайындау қажет. Жалпы, өнеркәсіп салаларының энергияны көп қажет етуін азайту жөнінде бізде тек ортақ деректер ғана бар», - деді Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында.
Премьер-министр «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовке де осы мәселеге назар аудару керектігін атап өтті.
«Ахметжан Смағұлұлы, сізге де өтініш, «Самұрық-Қазына» құрамындағы компаниялардың энергия тұтынуын жөндеу жөніндегі жұмыстарды дұрыс жолға қою керек. Жеңіс Махмұдұлы, сізге осы нақты алгоритмдерді әзірлеуді тапсырамын. Өңір әкімдіктері инвесторлармен және энергияны көп жұмсайтын кәсіпорындармен жұмысты жандандыруы қажет. Оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру және энергияны үнемдеуді насихаттау жұмысына көңіл бөлінуі тиіс», - деді ол.
Бақытжан Сағынтаев МЖӘ бойынша нақты жұмыс Павлодар, Қызылорда және Атырау облыстарында ғана жүріп жатқанын еске салды.
«Ал энергия үнемдеу бөлімдері Павлодар мен Қостанай облыстарында ғана бар. Басқа өңірлерде жұмыс жоқ. Яғни, айтып отырған алгоритм жоқтың қасы. Өзгеріс болып жатыр ма, жоқ па - қадағалайтын мүмкіндік жоқ. Сондықтан, құрметті әкімдер осы мәселеге көңіл бөлуді сұраймын», - деп түйді Үкімет басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек энергияны үнемдеу бағытында Үкімет басшысынан жұмысты күшейту жөнінде тапсырма беруді сұраған болатын.