Премьер-министр Асқар Мамин «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысын жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Астана» Халықаралық қаржы орталығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған. Қаржы орталығы бизнесті дамытуда, шетелдік инвестициямен қамтып, капиталға қол жеткізуде маңызды рөл атқаруы тиіс. Қайрат Келімбетов осы бағытта үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндады. Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды тиімді пайдаланып, оның қалыптасуы мен дамуына ықпал етуі керек», - деді Премьер-министр Үкімет отырысында.
Асқар Маминнің айтуынша, қазіргі кезде Қаржы орталығы халықаралық жоғары деңгейге шыққан.
«Қаржы құрылымдарымен үздік тәжірибесі ескерілген. Ерекше режіммен жұмыс істейді. Жалпы, орталықтың жұмысында бірегей механизм жасалған. Осы ретте Қайрат Нематұлы бекітілген Жол картасы бойынша жұмысты жалғастырып, Қаржы орталығының жұмысын жетілдіру қажет. «100 нақты қадам: Ұлт жоспары» аясында 2015 жылы «Астана» ХҚО туралы арнайы конституциялық заң қабылданып, оның мақсаты мен міндеттері, принциптері анықталды. Осы конституциялық заңға бүгін ұсынылып отырған түзетулер қаржы орталығының елдің негізгі қаржылық платформасы ретінде жылдам қалыптасып, дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан, сұрақтарыңыз болмаса, тиісті қаулы жобасына дауыс беруді ұсынамын», - деді ол.
Үкімет мүшелерінің бәрі де бірауыздан қаулы жобасының әзірленуін қолдап, дауыс берді.
«Шешім қабылданды. Қаржы министрлігі «Астана» ХҚО-мен бірлесіп, осы заң жобасын Парламентте сапалы түрде пысықтауды қамтамасыз етуі қажет. Салық кодексіне қажетті өзгерістерді енгізуді тапсырамын. Барлық енгізілген өзгерістер 2020 жылы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауы керек», - деді Асқар Мамин.