23 қар, 2023 сағат 17:22

Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» шартына қатысты пікір білдірді

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Премьер-Министр Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнын қайтаруға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform

«Біз қазір осы бағытта нақты жұмыс істеп жатырмыз және біз өзімізге соңғы мерзім белгіледік. Яғни қарашаның аяғына дейін келісімшартты бекіту ескерілген. Барлық жоспар ойдағыдай іске асырылса, келесі аптада біз оны аяқтап, шарт нәтижесін жариялаймыз. АМТ кәсіпорнын сатып алуға бюджет қаражаты жұмсалмайтынына, инвестордың қаражаты тартылатынына тағы да назарларыңызды аударғым келеді. Инвестордың қаражаты есебінен біз бұл кәсіпорынды Митталдан қайтарып аламыз», - деді Смайылов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, алдын ала келісім бір ай бұрын жасалған.

«Ал енді біз келесі аптада жоспар бойынша сатып алу-сату жөніндегі қорытынды келісімге қол қоюымыз керек. Бұл келісімге қол қойылмай тұрып, біз инвестордың кім екенін айта алмаймыз. Бірақ бұдан кейін міндетті түрде хабарлаймыз», - деп уәде берді Премьер-Министр.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев аталған кәсіпорын активін Қазақстан Республикасының пайдасына өткізуге міндеттейтін заңды құжатқа қол қойғанша, келісімнің қандай да бір шартын айта алматынын мәлім етті.