13 шіл, 2018 сағат 11:08

Үкімет басшысы Ақтөбе облысындағы индустриялық нысандарды аралады

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында жүр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Мақсат - Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларының, Бес әлеуметтік бастамасының, сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде іске асырылу барысымен танысу.

Жұмыс сапары Мұғалжар ауданынының өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралаудан, атап айтқанда, Жаңажол вахталық кентінің дамуымен танысудан басталды. Премьер-Министрге газ өңдеу зауытында табиғи ілеспе газды өңдеудің автоматтандырылған процесі көрсетілді, осы жерде Алтынды ауылындағы «Altyn EX» ЖШС тау-кен байыту комбинатының және Жаңа таң ауылындағы «Газ процессинг компани» ЖШС газ өңдеу зауыты құрылысының макеттік нұсқалары таныстырылды.


Б. Сағынтаев облыс экономиканың маңызды нысандарының бірі және өңірлік Индустрияландыру картасына кіретін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ газ өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Жоба «Жаңажол» кен орнында іске асырылған және мұнай дайындауға, ілеспе мұнай газын күкіртті сутегінен және меркаптандардан тазартуға, ал алынған күкіртті сутегінен күкірт шығаруға, сондай-ақ сұйытылған газ алуға мамандандырылған.

Кешеннің басшысы Б. Тасмағамбетов зауыт толықтай автоматтандырылғанын айтты. Газ өңдеу зауытында өндірілетін тауарлық газ «Бейнеу - Бозой - Шымкент» магистральді газ құбыры арқылы оңтүстік өңірлерге жеткізіледі, осылайша Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында елімізді газбен жабдықтауға ерекше үлес қосады.


Бүгінде өнім түрлері бойынша өндіріс көлемі: газ дайындау - 6,5 млрд м3; мұнай дайындау - 3,84 млн т; сұйытылған газ өндіру - 550 мың т құрайды.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Қ. Бекенов Премьер-Министрге қолда бар әлеуетті ескере отырып, мұнай-химия зауытын салу міндеті тұрғанын жеткізді, ол Ақтөбе облысының және жалпы Қазақстанның мұнай-химия саласын дамытуға қосымша серпін береді.

Ақтөбе облысы - ірі өнеркәсіптік өңір. Хром қорлары бойынша әлемдік көшбасшы, оның көлемі 400 млн т асады. Облыс аумағында көмірсутегі шикізатының болжамды қорларының 30% шоғырланған, мұнайдың өнеркәсіптік қоры елімізде үшінші орында. Сондай-ақ, мұнда алтын, күміс, мыс, мырыш, кобальт, каолин, фосфорит, мұнай битумды жыныстар, құрылыс материалдарын шығаратын шикізаттар алынатын ірі кен орындары бар.

Сонымен қатар, Б. Сағынтаевқа Алтынды ауылындағы «Altyn EX» тау-кен металлургия комбинатын салу жобасы таныстырылды. Бүгінгі таңда компания Қазақстандағы құрамында алтыны бар ең ірі кендердің бірі - «Юбилейное» кен орнын әзірлеумен айналысады. Бұған қоса, кәсіпорынның құрылтайшысы Е. Достыбаевтың айтуынша, комбинат құрылысы өнімділікті арттырып, сондай-ақ ДОРЕ (қорытпаны алтын кен орындарынан алып, одан әрі тазарту үшін мұнай аффинаж зауыттарына жібереді) алтын-күміс қорытпасын шығарумен селдір кендерді қайта өңдеуге жол ашатынын айтты.

Жаңа өндіріс орнында заманауи технологиялар және алдыңғы қатарлы жоғары өндірістік жабдықтар қолданылатын болады. Өндірістің жылдық қуаттылығы жылына 5 млн тоннаға дейін құрамында алтыны бар кендерді құрайды. Бұл комбинаттың Қазақстандағы құрамында алтыны бар кендерді өңдеуде екінші орында болуына және еліміздің әлемдік алтын өндірісіндегі пайыздық үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылысты 2020 жылға қарай аяқтау жоспарланған. Өндіріс іске қосылғаннан кейін 800 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Сонымен қатар, Премьер-Министрге «Gas Proсessing Company» ЖШС іске асыратын Байғанин ауданындағы Қожасай кен орнындағы газды кешенді әзірлеу қондырғысын салу жобасы таныстырылды. Жоба жетекшісі Б. Сақтағанов жаңа қондырғы ілеспе газды өңдеу көлемін арттыруға және жаңа өнім түрлерін өндіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Жылдық қуаты 300 млн текше құрғақ бензині алынған газды, 37 000 тонна пропан-бутан техникалық қоспасын, 5 400 тонна газ конденсаты және 10 500 тонна күкіртті құрайды.

«Қондырғы өңірдегі экологияны жақсартады. Себебі ілеспе газ алау арқылы жанбайды. Газды кешенді әзірлеу қондырғысының құрылысын биыл аяқтау жоспарланған. Пайдалану кезеңінде 258 жұмыс орны ашылады», - деп хабарлады жоба жетекшісі Б. Сақтағанов.

ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі - 36,5%, ауыл шаруашылығы - 4,8%, құрылыс - 5,8%, сауда - 16,8%, көлік және қаттау - 9,1%, ақпарат және байланыс - 0,7% , жылжымайтын мүлік операциялары - 7,1%, тағы басқалары -19,2% құрайды.

Ақтөбе қаласында Бақытжан Сағынтаев «Нұр Ақтөбе» шағынауданының мысалында «Нұрлы жер» және Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы аясындағы жаңа ипотекалық бағдарлама - «7-20-25» бағдарламалары бойынша тұрғын үй құрылысының даму барысымен танысты.

Нысандарды тексеру барысында Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев өңірдің құрылыс индустриясының жоғары әлеуетіне ие екенін айтты.

«Бүгінгі таңда 130-дан астам құрылыс кәсіпорындары жұмыс істейді, олар жергілікті жұмыс күшімен мен құрылыс саласының мамандарымен толығымен қамтамасыз етілген, құрылыс саласында пайдаланылатын 39 қазба кен орны бар. Осының арқасында біз нарық сұраныстарын өзіміздің құрылыс материалдарымызбен 85%-ға қамтамасыз еттік. Биыл 15 мың жер телімін бөлуді жоспарлап отырмыз, оның 11 мыңы - Ақтөбе қаласына жақын маңда болады», - деді Б. Сапарбаев.

Үкіметтің қолдауымен, облыста осымен екінші жыл қатарынан тез салынатын несиелік тұрғын үйлер құрылысы бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы табысты іске асырылып жатыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 2300-ден астам пәтер пайдалануға берілді. Биыл шамамен 36 аз қабатты және 6 тоғыз қабатты несиелік тұрғын үйлер немесе жалпы ауданы 158,0 мың м2 құрайтын 2500-ден астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан өзге, «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын қабылдаудың арқасында халықтың барлық санаттары жаңа тұрғын үйді өте икемді шарттармен сатып алуға мүмкіндік алады.

Статистика комитетінің алдын ала деректері бойынша, Қазақстанда 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында қаржыландырудың барлық көздерінен тұрғын үй құрылысына 513,3 млрд теңге инвестиция немесе 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 128,4% бағытталды. 5,8 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,8% құрайды. Республика бойынша барлығы 49 667 тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 20 532-сі жеке үйлер.

Келесі нысан Энергия тиімділігі орталығы болды, онда Премьер-Министр өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының және Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының оныншы міндетінің іске асырылу барысымен танысты.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Жолдауында «ақылды ұлт» үшін «ақылды қалалар» құруды тапсырған болатын. Президент айқындап бергендей, «ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияларды таратудың және бүкіл ел аумағында өмір сүру сапасын арттырудың локомотивіне айналады. Ақтөбе Smart City жобасы іске асырылып жатқан еліміздегі бес қаланың бірі. Жаңа технологиялардың енгізілуі өсіп келе жатқан қалалар проблемасын тиімді шешіп, инвесторлар үшін олардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Құрылысы аяқталып қалған Орталық ғимаратын аралау кезінде Бақытжан Сағынтаевқа қаланың орталық диспетчерлік қызметінің, ІІД жедел басқару орталығының, смарт-ТКШ, геопортал мен халық канцеляриясының жұмыс жүйелері таныстырылды. Аталған қызметтердің барлығы Smart City жобасының құрауыштары болып табылады және Энергия тиімділігі орталығында орналастырылатын болады. Мақсаты - тұрғындарға көрсетілетін барлық коммуналдық қызметтерді үнемдеуді қамтамасыз ету. Алғашқы болып сынақ мерзіміне Орталыққа «Нұр Ақтөбе» шағынауданындағы «Қарғалы» тұрғын үй алабының №4 үйі қосылды. Біртіндеп Орталықпен басқа да шағын аудандар байланыстырылатын болады.

Нысанды аралап көрген соң Ақтөбе қаласының әкімі І. Испанов Премьер-Министрге Smart City жобасын ілгерілету туралы айтып берді, жобаны 2020 ж. дейін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында алты бағыт бойынша іске асыру көзделіп отыр: қауіпсіз қала, «ақылды» тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, білім, медицина, интеллектуалды көлік жүйесі, электронды әкімдік. Сонымен қатар, қазіргі таңда «Қауіпсіз қала» аппараттық-бағдарламалық кешенін құру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

«Биыл 140 қоғамдық қауіпсіздік камерасын, 15 желілік учаскелерді фотоға түсіру жүйелерін, 14 интеллектуалды қиылысты орнату жоспарланған. Болашақта «Қауіпсіз қала» барлық камераларды біріктіруге, сонымен қатар басқа ұйымдар мен жеке бизнестің камераларын біріктіруді қамтамасыз етеді», -деді І. Испанов.

Өз кезегінде, облыс әкімінің орынбасары Қ. Бекенов өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім және денсаулық салаларында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады.

Премьер-Министр облыс орталығын аралауды жалғастырады. Ақтөбе облысындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралау және облыс активімен өңір экономикасын жаңғыртудың өзекті мәселелері бойынша кездесу өткізу жоспарланған.