26 қар, 2018 сағат 11:36

Үкімет басшысы әкімдерге: Азық-түлік нарығындағы делдалдарды жойыңыздар!

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға тұрақтылығын қамтамасыз ету туралы мәселені қарастыру барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрлерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мәселелері туралы баяндамаларын тыңдаған соң Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне нарықтардың азық-түлік өнімдерімен толығуы, сауда инфрақұрылымын дамыту және делалдарды болдырмау бойынша шараларды іске асыруды бақылауға алуды тапсырды. Мейрам күндері көп желтоқсан айында бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінуі керек. Бұл жағдай ескеріліп, қатаң бақылауға алынуы тиіс.

«Азық-түлік бағасына қатысты әкімдерге нарықты азық-түлік өнімдерімен молайту, сауда инфрақұрылымын дамыту және делдалдарды жою бойынша шараларды  іске асыруды бақылауда ұстауды тапсырамын. Мұны желтоқсандағы мереке күндерінде және Жаңа жылдың алдындағы кезеңде ерекше бақылауда ұстауларыңызды сұраймын. Бұл жағдайды толық бақылауға  алыңыздар!

Бағалар өсіп жатыр. Кейбір өңірлердің қыркүйектегі депозиттерінің ешқандай өзгеріссіз жатқанын көріп отырмыз. Яғни, тұрақтандыру қорларының жұмысын толыққанды атқармай жатыр. Сол себепті Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне баға серпінін және тұрақтандыру қорларын қалыптастыруды мониторингілеп отыруды тапсырамын. Өмірзақ Естайұлы, баға мәселесін бақылау өзіңізде», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Б. Сағынтаев жиналған өнім мен екінші деңгейлі банктердегі депозиттерде қаражаттың болуына қарамастан, Тұрақты қорлардағы қор тиісті дәрежеде толықтырылмай отырғанын айтты. Баға өсіп жатыр. Ал кейбір өңірлерде депозиттер банктерде еш қозғаусыз жатыр, Тұрақты қорлар болса, өз жұмыстарын толық атқарып отырған жоқ.

Ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктеріне баға динамикасына және Тұрақты қорлардың қалыптасуына тұрақты түрде үйлестіру және мониторинг жұмыстарын жүргізу тапсырылды.