12 там, 2016 сағат 10:59

ҮЕҰ-ларды қаржыландыруды бақылау: халықаралық тәжірибе

Жақында Салық кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, Қазақстанда шетелден қаражат алатын азаматтық және заңды тұлғалар мемлекеттік кірістер комитетіне арнайы есеп беруге міндеттелді. Айта кетелік, осыған ұқсас бақылау шаралары көптеген мемлекеттерде енгізілген. Айтпақшы, бұл мәселені шешу үшін жеке заң қабылдаған елдер де бар. Ал, Қазақстанда неліктен мұны Салық кодексіне түзету етіп енгіздік? Бұл сұрақтың жауабы өте қысқа. Себебі әртүрлі елдерде мұндай заңның мақсаттары да алуан түрлі. Мысалы, Америка Құрама Штаттары неміс насихатын шектеу мақсатымен 1938 жылы осындай заң қабылдады. Ресей Федерациясы да елдің ішіндегі саяси ахуалға шетелдік тұлғалардың ықпалын азайту үшін, арнайы заң шығарды. Ал Қазақстан шетелдік көздерден келетін ақша ағымдарын бақылау жүйесін жетілдіруге ұмтылуда. Өйткені, бұл ағым жеткілікті деңгейде ашық емес.

Ендігі кезекте халықаралық тәжірибеге назар аударайық. ТМД елдерінің арасында бұл мәселеге қатысты бірінші болып заң қабылдаған Беларусь. 1994 жылдан бері Беларусьтағы коммерциялық емес ұйымдарды кез-келген шетелдік қаржыландыру мемлекеттік тіркеуден өткізіледі. Атап айтарлығы, грантты (қайырымдылыққа бөлінген ақшаны) тіркеу үшін биліктің алдын-ала рұқсаты керек. 2011 жылы қараша айында енгізілген түзетулерге сәйкес, беларусьтық коммерциялық емес ұйымдарға шетелдегі банктер мен қаржылық мекемелерде есеп-шот ашуға тыйым салынды. Заң бойынша, биліктің рұқсатынсыз шетелден қаражат алған тұлғалар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

2012 жылы 6 шілдеде Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы қабылдаған заң шетелден қаржы алып, саяси қызметпен айналысатын ұйымдарды «шетелдік агенттер» ретінде тіркеуді міндеттеді. Алайда бұл заңның құзыреті діни ұйымдарға, мемлекеттік ұйымдар мен олар құрған қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаратын мемлекеттік, бюджеттік мекемелерге жүрмейді. «Шетелдік агенттер» қызметін атқаратын қоғамдық ұйымдар жарты жылда бір рет құзыретті органдарға өзінің жұмысы мен басшылық құрамы туралы, үш айда бір рет – қаржылық шығындары туралы есебін, жылына бір рет – аудиторлық қорытындыларын жіберіп отыруға міндеттелген. Оған қоса, аталған ұйымдар жылына бір рет өзінің қызметі туралы есебіне ғаламторда жариялайды. Егер шетелдік көздерден алған ақшаның көлемі 200 мың рубльден асса, бақылауға алынады.

ТМД-ның тағы бір мемлекеті – Әзербайжанда 2014 жылдың ақпанында коммерциялық емес ұйымдар туралы заңға түзету енгізіліп, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруды мемлекеттік бақылау қатайтылды. Бұған дейін, 2009 жылы заң қабылданып, ол құжат халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін тіркеуден өтерде Әзербайжан үкіметімен ерекше келісім жасауға міндеттеді. Айтарлығы, осы заңның талаптары қатал болып, оған сәйкеспегеніне тіркеу жасалмады. 2011 жылы ел үкіметі заңнаманы тағы қатайтып, тек ұйымдардың өзін ғана емес, алатын грантын да тіркейтін тәртіп енгізді. Тіркеуден өтпей қызметін жалғастырған коммерциялық емес ұйымдарға (тіркелмеген гранттарды пайдаланғаны үшін) 5-8 мың еуро көлемінде, ал азаматтық тұлғаларға – 1-2 мың еуро көлемінде айыппұл салынады.

АҚШ, Ұлыбритания, Қытай және Израиль мемлекеттерінің тәжірибесін қарастырайық. АҚШ-та 1938 жылы қабылданған заң бойынша, «шетелдік принципалдың бұйрығы, ұсынысы, басшылығы және бақылауы бойынша» іс-әрекет ететін азаматтық немесе заңды тұлға шетел агенті болып саналады. Аталған заңның құзыреті: діни, академиялық, ғылыми және көркем сипаттағы қызмет түрлеріне; шетелдік мүддеге қызмет етпейтіндерге; басшылықтың 80 пайызы америкалық азаматтардан құралып, басқа шетел агенттерінің бақылауына кірмейтін, сондай-ақ 80 пайызы америкалық азаматтардың иелегіндегі БАҚ-на жүрмейді. Заңнаманы бұзғандарға қолданылатын жазаның түрлері – 5 жыл бас бостандығынан айыру немесе 10 мың доллар айыппұл төлеу.

Ұлыбританияда коммерциялық емес ұйымдардың қызметін бақылаудың әлемдегі ең ескі жүйесі қолданылады. 1853 жылы қабылданған Актіге сәйкес, қайырымдылық ұйымдарының барлық іс-қимылдарын Қайырымдылық жөніндегі комиссия бақылайды. Осы комиссия үкімет пен парламенттің алдында қайырымдылық секторына жауапты. Жылына 5 мың фунт стерлингтен астам ақша жинайтын ұйымдардың барлығы осы комиссиядан тіркеуден өтеді. Тіркеу нөмірі бойынша олардың мәртебесін, табысын білуге болады. Айтарлығы, қайырымдылық ұйымдар туралы толық ақпарат, соның ішінде есеп-қисап сайтта орналастырылады. Егер де қандай да бір ұйым мәліметті дер кезінде бермесе, тіркеуден шығарылып, іс жүзінде салық жеңілдіктерінен, қайырымды жандардың сенімінен айрылады. Комиссия ұйымдардың өзінің жеке және саяси мүддесі үшін мәртебесін пайдаланып, салық төлеуден жалтарып кетпеуін жіті қадағалайды. Азаматтардан түскен шағым бойынша аталған ұйымдарға тексеру жүргізіледі.

Қытайда да мұндай заңға ерекше көңіл бөлінеді. Ел аумағында қызмет ететін қоғамдық ұйымдардың қаржылық қызметін бақылау қатайтылып, заң мемлекет деңгейінде үшінші оқылымда қабылданды. Қытайдың заңдық органдарының өкілдері елдегі шетелдік ұйымдарды ҚХР-дың қоғамдық қауіпсіздік министрлігінде тіркелуді міндеттейді. Заң бойынша, шетелдік ұйымдар үнемі мемлекеттік органдардың қарауында болып, үкіметті өзінің қызметімен хабардар етіп отыруы тиіс. Олар әрдайым аудит жүргізіп, өз табыстарын ашық жариялап, табыстары мен шығындары туралы есебін жиі ұсынып отыруға міндеттелген. Қытайлық ұйымдар ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастықты бірден үзіп отырады.

Израильде 2011 жылы қабылданған заңға сәйкес, барлық үкіметтік емес ұйымдар үшін қайырымдылық қаражат және оны орындамағаны үшін айыппұлдар салу жөніндегі бірыңғай есеп тәртібі енгізілген. Мысалы, шетел үкіметтері «насихаттық» ұйымдардың қызметін жасырын қаржыландыратын болса, Израиль оны егемен демократиялық ұлттардың арасындағы өзара іс-әрекет тәжірибесі мен нормаларының бұзылуы деп санайды. Үкіметтік емес ұйымдардың гуманитарлық қызметіне қаржылай қолдау көрсету де солай бағаланады. Израиль әсіресе, терроризмді қолдау мәселесіне қатаң көңіл бөледі. Мемлекет тарапынан тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Шетелден қаражат алатындарға көтеріңкі салық енгізу мәселесі қарастырылуда.

Шетелдердің ақшасына жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне заңманы бұзғаны үшін қатаң жаза қолданатын елдер де бар. Мысалы, Мысырда 2002 жылы қабылданған заң бойынша, Ынтымақтық және әлеуметтік әділеттілік министрлігінің рұқсатынсыз ішкі және сыртқы көздерден қаражат алуға қатаң тыйым салынады. Рұқсатсыз қаржыландырылған жағдайда, ол азаматтар 6 ай бас бостандығынан айрылады және 2000 мысыр фунты көлемінде айыппұл төлейді. 2011 жылы елдің ынтымақтастық және әлеуметтік әділеттілік министрі Джауда Әбдел Халик Мысырдың Орталық банкіне мысырлық үкіметтік емес ұйымдардың барлық банк операцияларын жария ету туралы ұсыныс айтты.

Үндістанда да заң қатал. 1976 жылы қабылданған актіге сәйкес, шетелден ақша алатын коммерциялық емес ұйымдардың өкілдеріне тек сайлау ғана емес, сондай-ақ тұтас саяси қызметпен айналысуға тыйым салынады. Атап айтқанда, жол қозғалысын жабуға әкеліп соқтырған митингілер мен шерулерді ұйымдастыру немесе үкіметтік органдардың қалыпты жұмысына кедергі келтіру заңды бұзу деп есептеледі. Мұндай жағдайда ұйымдардың тіркелмек былай тұрсын, олардың қызметіне толық тыйым салынады. Ондай ұйымдардың шоттары бұғатталып, басшыларына қатысты тергеу шаралары жүргізіледі.

Венесуэланың тәжірибесі тіптен қатал. Бұл елде үкіметтік емес ұйымдарды шетелден қаржыландыруды шектеу (іс жүзінде тыйым салу) ұйымдасқан қылмыспен және терроризммен күрес туралы заңнаманың есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Венесуэлада саяси бостандықты қорғау және ұлттық өзін-өзі билеу құқығы туралы заң бар. Осыған орай, жат елдің азаматтарының саяси мүддесін қорғауға, осы мақсатқа шетелден қаражат алуға тыйым салынған. Саяси бостандықты қорғау туралы заңда үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтін шетелдіктерге ерекше көңіл бөлінген. Атап айтарлығы, үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтін осындай азаматтарға «үкіметтік институттарға және Венесуэланың беделді мемлекет қайраткерлеріне жағымсыз баға бергені үшін» ір көлемде айыппұл (150 мың АҚШ долларына дейін) салады және елден қуады.

Әмірлан Әлімжан