10 жел, 2020 сағат 10:20

ТЖД қызметкерлерінің заңсыз ойын бизнесі: Министрлік жағдайды ерекше бақылауға алды

Төтенше жағдайлар министрлігі ақмолалық ТЖ лауазымды қызметкерлерінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруына қатысты жағдайды ерекше бақылауға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еске сала кетсек бүгін Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің лауазымды тұлғалары ел аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінгені хабарлаған болатын. 

Төтенше жағдайлар министрлігі бұл жағдай ерекше бақылауда екенін жария етті. 

«30 қараша күні Экономикалық тергеу департаментінің мамандары ТЖ департаментінің қызметкерін «заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды» (интернет-казино) деген күдікпен ұстап, 2 желтоқсан күні босатты. Қазір ол іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ТЖ департаментінің қызметкері азаматтық қорғау органдарында 2002 жылдан бастап жұмыс істеп келеді», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Сотқа дейінгі тергеу нәтижесіне байланысты осы қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қабылданады. Тіпті теріс қылықтары үшін олар қызметінен босатылуы мүмкін.