14 қаң, 2022 сағат 13:30

ТЖ режимі: зейнетақы мен жәрдемақы рәсімдей алмағандар не істеуі керек?



Төтенше жағдайға байланысты зейнетақы мен жәрдемақыға құжат тапсыра алмаған қазақстандықтар режим аяқталғаннан кейін бір ай ішінде өтініш бере алады, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Егер жасына байланысты зейнетақы төлемін, мемлекеттік базалық зейнетақыны, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыны, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындауға негіздер 2022 жылдың 1 қаңтарынан немесе төтенше жағдай кезеңінде басталса, көрсетілген кезеңде өтініш бермеген азамат төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін бір ай ішінде осы төлемдерді тағайындауға қажетті құжаттарды қоса ұсынып, өтініш бере алады", - делінген құжатта.

Бұл ретте төлемдер өтініш берген күннен емес, негіз туындаған күннен бастап тағайындалады.

Бұған дейін Қазақстанда 5 қаңтардан 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді. Жуырда Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында төтенше жағдай режимі алынып тасталды.