08 шіл, 2020 сағат 15:15

ТЖ кезінде несие төлемі мерзімін кейінге шегеру кредит тарихына әсер ете ме?

Төтенше жағдай режимі кезінде туындаған қиындықтарға байланысты несие төлемі мерзімін кейінге шегеру қазақстандықтардың кредит тарихына әсер ете ме? Бұл сауалға ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдері Қаржы министрлігінің өкіліне екінші деңгейлі банктер Төтенше жағдай режимі кезінде 42 500 әлеуметтік төлем алған азаматтарға несие бермей жатқандығын айта келе: «Төтенше жағдай режимі кезінде мемлекет тарапынан көрсетілген несие төлемі мерзімін кейінге шегеру және әлеуметтік жәрдемдер қазақстандықтардың кредит тарихынан теріс әсер ете ме?», - деп сұраған еді.

«Қаржы нарығын реттеу және даму агентігі қабылдаған қолданыстағы нормативтік актілерге сәйкес, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленген аталған төлемдер кредит тарихының нашарлауына негіз бола алмайды», - деп жауап берді Берік Шолпанқұлов.

Сонымен қатар ол дәл осы себепке байланысты банктер кредит беруден бас тартқан жағдайда азаматтардың өкілетті органдарға шағымдануға құқы бар екендігін баса айтты.