Twitter әлеуметтік желісі АҚШ президенті Дональд Трамптың аккаунтын біржолата блоктап тастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Америка дауысы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Twitter компаниясы осыған байланысты мәлімдеме жасады.
«@realDonaldTrump аккаунтында жарияланған соңғы твиттерді және оның мазмұнын, әсіресе Twitter қауымында қалай қабылданып, әрі қарай қандай контексте тарағанын егжей-тегжейлі тексеріп шыққан соң осындай шешім қабылдадық. Біз зорлық-зомбылыққа апарып соғу қаупін ескере отырып, аккаунтты біржола өшірдік. Осы аптадағы сұмдық оқиғалардан кейін біз Twitter қолдану талаптарын қайтадан бұзу дәл осындай жағдайларға әкелетінін хабарлаған болатынбыз. Біздің талаптар таңдаулы ресми тұлғалар мен әлемдік көшбасшылардан тікелей ақпарат алуға мүмкіндік береді. Алайда біз әу бастан бұл аккаунттар біздің ережеге бағынуға тиіс екенін және олар Twitter-ді зорлық-зомбылық туғызу үшін пайдалана алмайтынын анықтап түсіндірген едік» делінген компания хабарламасында.
Twitter сонымен қатар Дональд Трамптың соңғы твиттері мен олардың кей қолданушыларға қалай әсер еткеніне жасалған анализдің қорытындысын жариялады. Компания бұл твиттер жаңадан зорлық-зомбылық жасауға себеп болуы мүмкін деп отыр.
Президент кезінде Дональд Трамп 26 мыңнан астам твит жариялаған. Күніне орта есеппен 18 твит жазып отырған.
Twitter шешімі жайлы Дональд Трамп былай деді:
«Біздің аузымызды ешкім жаба алмайды. Жақын арада оның орнын басатын жаңа платформа жасауды қарастырып жатырмын».
Ол бұл сөздерді өзінің ресми Twitter аккаунтында жазды, алайда компания оны бірден өшіріп тастады.
Демократтар мен кей республикашылдар Трампты 6 қаңтар күні жақтастарын зорлық-зомбылыққа арандатты деп айыптайды. Сол күні АҚШ президентінің ашулы жақтастары елдің жаңа сайланған президенті Джо Байденнің сайлаудағы жеңісін бекітуі керек болған Конгресс жиынын бұзу үшін Капитолий ғимаратына басып кірген. Оқиға кезінде Twitter Трамптың аккаунтын 12 сағатқа бұғаттаған.
Трамптың өзі Вашингтондағы оқиғаны сынға алды, бірақ твиттерінің бірінде жақтастарына "әділетсіздік" жасалуына жол бермейтінін айтты.
Трамптың АҚШ президенті ретіндегі ресми Twitter-аккаунты жұмысын жалғастыра береді, бірақ онда твиттер сирек, жүйелі емес түрде шығып отырады.
Ақ үй мен Дональд Трамптың өзі компанияның бұл шешімі жөнінде пікір білдірмеді. Мұның алдында Трамптың аккаунтын Facebook те бұғаттаған.