23 қыр, 2020 сағат 09:43

Түймебаев: Манас жырының қазақ тілінде жарық көруі – қазақ әдебиетінің қорына қосылған алтын қазына

10 тамыздың Абай күні деп белгіленуі - ұлы ақынға көрсетілген жоғары құрмет. Бұл туралы Достық үйінде халықаралық Түркі академиясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін» атты алқалы жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңыз білетіндей, биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы ақынның 150 жылдық тойында «Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен пікірі тек айтыла жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса – құба-құп» деген болатын. Ал ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» деген мақалаларында атқарылуға тиісті нақты міндеттерді межелеп берді. Ең бастысы, осы жылдың ерекшелігі: 10 тамыз – Абай күні деп белгіленуі. Бұл – ұлы ақынға көрсетілген жоғары құрмет. Ұлттық руханиятымыз бен әдебиетімізді дамытуға және сөз өнерін қастерлеуге жасалған ерекше, тарихи қадам», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев.

Оның айтуынша, елімізде тіршілік кешіп жатқан барлық этнос өкілдері ойшыл ақынның шығармашылығын насихаттап, онлайн фестиваль ұйымдастырған. 

«Осы фестивальде мемлекеттік тілімізді терең меңгерген басқа этнос өкілдері 500-ден аса Абайдың мұраларын қазақ тілінде жатқа оқыды. Бұл да Абай шығармашылығын насихаттауға қосқан үлкен үлес деп есептейміз. Дархан Қыдырәлі басқарып отырған Халықаралық түркі академиясы ел мен елді жақындастырып, түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін, мәдениетін зерттеу бағытында көптеген жобаны жүзеге асырып келе жатыр. Соның ішінде қырғыз халқының мұрасына да ерекше көңіл бөліп, бүгінгі жиынға дейін де «Манас энциклопедиясы», «Манас сөздігі», «Манас эпосының қолжазбасы», «Манас эпосының философиясы» атты еңбектерді жарыққа шығарды. Манас эпосын Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов те зерттегенін баршамыз жақсы білеміз. Манас жырының қазақ тілінде жарық көруі – қазақ әдебиетінің қорына қосылған алтын қазына деп білеміз», - дейді ол.