10 шіл, 2019 сағат 11:19

«Түрме вице-министрдің көзімен»: Қамауда отырған Эльмира Суханбердиева кітап жазды

Экс-вице-министр Эльмира Суханбердиеваға қамауда отырған кезінде кітап жазғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы өткен 34 күнде кітап жаздым, «Түрме вице-министрдің көзімен» атты кітап жақын арада жарыққа шығады. Онда әйелдердің абақтыдағы жағдайы баяндалады. Кітапта көптеген пікірлер қамтылады, оқырман қауымға қызықты болады деп ойлаймын. Онда тек өзім жайлы автобиография ғана емес, сонымен қатар жалпы мәселелер жазылады», - деді бұрынғы вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, аталған кітап толығымен жазылып шықты, енді шамалы түзетулер енгізу қажет. Осы орайда кітапты жарыққа шығаруға ниетті баспалар байланысқа шыққан.

«Бұл тұрғыда кейінірек баспасөз мәслихатын өткіземін. Сіздерге бұл кітапты сыйға тартамын», - деді Э. Суханбердиева тілшілерге қарата айтқан сөзінде.

Айта кетейік, бүгін елордада ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиеваға қатысты сот үкімі шықты.

Оған 2500 АЕК көлемінде айыппұл тағайындау шешімі шығарылды. Жалпы, ол 6 312 500 теңге теңге төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік органдарда - ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Эльмира Суханбердиева сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды және 2 айға қамауға алынды.

9 шілде күні сот отырысы өтіп, ол өз кінәсін мойындады.