08 мам, 2020 сағат 14:13

Түркиялық компания Алматы әуежайын 415 млн долларға сатып алды

Түркиялық TAV Airports Holding компаниясы өзінің серіктестерімен бірге Алматының халықаралық әуежайының жүз пайыз акциясын сатып алды. Келісім құны - 415 миллион доллар. Бұл туралы компанияның ресми сайты хабарлады. 

«Қазақстан географиялық жағынан да, экономикалық жағынан да ірі ел. Алматы – ішкі жалпы өнімнің 20 пайызы тұтынылатын үлкен қала. Одан басқа «заманауи Жібек жолының», яғни, Қытай, Еуропа, Африканы байланыстырып тұрған ірі орталық. Оның әлеуеті зор. Біз өзіміздің білімімізге сүйеніп, іс-әрекеттерді жүзеге асыратын боламыз», - дейді холдингтің президенті және абс директоры Сани Шенер.

Алматы әуежайы түрік компаниясының портфеліндегі 15-аэропорт болмақ. Компанияның мәліметінше, TAV Airports холдингінің консорциумдегі үлесі 75 пайызды құрайды. Акция барлық заң процедурасы аяқталған соң берілмек.

Әуежай акциясын 2011 жылы Нидерланд елінің Venus Airport Investments B.V компаниясы сатып алып, содан бері қызмет көрсетіп келген. 2011 жылға дейін Алматы әуежайының акциясын қазақстандық Meridian Capital (50%) және Sat Infosystems (50%) иеленген.

TAV Airports дерегінше, Алматы әуежайы 2019 жылы 6,4 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп. Әуежай Air Astana, SCAT, FlyArystan және Qazaq Air компаниясының базасы саналады.

TAV Airports Түркияның Анталья, Анкара, Измир, Бодрум, Алания қаласындағы әуежайларды, Грузияның Тбилиси мен Батумидегі, Тунистегі, Македониядағы Скопье, Охридтегі, Сауд Арабиясының Мединадағы, Хорватияның Загребтегі аэропорттарды басқарады.