30 жел, 2020 сағат 19:01

Түркияға коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы партиясы келіп жетті

Түркия астанасы Анкараға сәрсенбі күні SinoVac Biotech қытай компаниясы әзірлеген COVID-19-ға қарсы вакцинаның алғашқы 3 миллион дозасы тиелген ұшақ жетті, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

17 контейнер вакцинамен Бейжіңнен ұшып келген Boeing 777 ұшағы Есенбұға (Эсенбога) әуежайына жергілікті уақыт бойынша 05:44-те келіп қонды.

Елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қоджа вакцина жеткені туралы Twitter парақшасында жариялады. 

Ол сондай-ақ тестілеуден кейін 14 күн өткен соң вакцинация басталатынын айтты. 

«Тестілеу аяқталған соң қоғамдық денсаулық сақтау бас басқармасының үйлестіруімен біздің вакцинация бағдарламамыз жүргізіледі. Біз жетістікке бірге жетеміз», - деп атап өтті ол.

Ф.Қоджа бұған дейін Түркияның SinoVac вакцинасының 50 миллион дозасын алатынын және алғашқы 20 миллион доза осы жылдың желтоқсан және 2021 жылғы қаңтарда жеткізілетінін мәлімдеген болатын. 

Министр сондай-ақ Түркия BioNTech неміс биотехнология фирмасы әзірлеген басқа вакцинаның 30 миллионға дейінгі дозасын сатып алатынын да жариялаған еді. 

Агенттіктің хабарлауынша, вакцинация әзірге міндеттелмейді. 

Түркия халықты жаппай вакцинациялауға мүмкіндік бере отырып, коронавирусқа қарсы вакцинацияның қажеттілігіне сендіруге тырысады.

Сейсенбі күнгі жағдай бойынша Түркияда коронавирустан жалпы саны 20 388 өлім тіркелген. 2 миллионнан астам адам сауығып шыққан. Қазіргі уақытта елде 2,17 миллионнан астам ауруға шалдығу жағдайы тіркелген.