06 мау, 2019 сағат 11:42

Түркияда тіркелген 2 мыңға жуық қазақстандық 3 сайлау учаскесінен дауыс береді

Түркияда екі мыңға жуық Қазақстан азаматы сайлаушы ретінде тіркелген. Олар Анкара, Ыстанбұл, Анталия қалаларында орналасқан 3 сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы мәлім еткен.

Айта кетейік, сұхбат негізінен Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың даму бағыты жайында өрбіген. Әңгіме барысында тілші «9 маусымда елімізде президенттік сайлау өтеді. Осы саяси іс-шараға елшіліктің дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?» деген сауал қояды.

«Алдағы президенттік сайлауды Түркия зор ықыласпен күтіп отыр. Сайлауға шамамен 11 байқаушы келеді. Жоғары сайлау комиссиясынан екі байқаушы, ЕҚЫҰ, осы ұйымның Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа кеңесі атынан өкілдер келеді. Бұдан бөлек, жеке байқаушы ретінде келетіндер бар. Шамамен Түркиядан он шақты байқаушы келмек», - деп атап өтеді елші Абзал Сапарбекұлы.

«Қазір Түркияда 3 сайлау учаскесі бар. Олар Анкара, Ыстанбұл, Анталия қалаларында орналасқан. Осы үш қалада да Қазақстанның өкілдіктері бар. Түркиядағы екі мыңға жуық Қазақстан азаматы сайлаушы ретінде тіркелген. Елшілік халықты ақпараттандыру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Жалпы, сайлауға дайындық аса жоғары деп айта аламын» деп түйіндейді әңгімесін елші.