12 ақп, 2020 сағат 18:06

Түркияда Абай жылының салтанатты ашылуы өтті

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Түркия Мәдениет министрлігі, ТҮРКСОЙ ұйымы мен «ТРТ Аваз» телеарнасының қатысуымен Түркиядағы Абай жылын салтанатты түрде ашты.

ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, «ТРТ Аваз» директоры Седат Сағыркая, Кечиөрен муниципалитетінің басшысы Тургут Алтынок, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, сондай-ақ Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің елшілері, шетелдік дипломаттар, зиялы қауым өкілдері және қазақстандық студенттер қатысты.

Іс-шараны ашқан ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д. Қасейінов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абайды тану – Қазақстанды, қазақ халқын тану» деген сөзіне назар аударып, түркі әлемінің мәдени астанасы - Ош қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің мәдениет министрлерінің жиналысында 2020 жыл Абай жылы деп жарияланғанын еске салды.

Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероглу Абай – қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, түркі тілдес халықтардың рухани қазынасына баға жетпес үлес қосып қана қоймай, қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті.

Салтанатты жиын барысында Елші А. Сапарбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және Қазақстан ХХІ ғасырдағы» атты мақаласында зияткерлік ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алатынын атап өтті. Өз сөзінде ол ұлы ойшылдың адамгершілік мұрасын зерттеудің маңыздылығына тоқталды.

 

Кеш соңында Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан және Әзербайжан әртістері Түркияның Президенттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Абайдың музыкалық мұрасын орындады. Талантты әртістер көрермендерді ұлы ақынның «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» және т. б. Шығармалары орындады.

Сонымен қатар, «ТРТ Аваз» телеарнасы салтанатты концертті толығымен түсіріп, 350 миллион көрерменге концертті көруге мүмкіндік берді.