Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жақта) және АҚШ вице-президенті Майкл Пенс. Анкара, 17 қазан 2019 жыл.
АҚШ және Түркия делегациялары Анкарадағы келіссөздер барысында Сириядағы Түркия Қарулы Күштері жүргізген «Бейбітшілік қайнары» терроризмге қарсы операциясы 120 сағатқа тоқтатылатынын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Анадолы» агенттігіне сілтеме жасап.
«Біз қалаған нәтижеге қол жеткіздік», - деді Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу.
Түркия мен АҚШ делегациялары YPG лаңкестерінің қолында тұрған ауыр қаруды жинауға, сондай-ақ, топтың позициясы мен бекіністерін жоюға келісті. Чавушоглу «Бейбітшілік қайнары» операциясының тоқтатылатын мәлім етті.
АҚШ вице-президенті Майк Пенс Түркия мен АҚШ делегацияларының Анкарадағы келіссөздерінен кейін АҚШ YPG террористік ұйымының Сирияның солтүстігіндегі қауіпсіздік аумағынан 120 сағаттың ішінде шығарылуын қамтамасыз ететінін мәлім етті.
«Біздің мақсатымыз – алдағы 120 сағат ішінде YPG-ні шығару. Аталмыш процесс басталып кетті», - деді саясаткер.
Ол YPG Вашингтонға өз күштерін аймақтан шығаруға кепілдік бергенін атап кетті.
Сондай-ақ, Пенс Түркия мен АҚШ Сирияның солтүстік-шығысындағы ДАИШ-ты түпкілікті жою мәселесі бойынша ортақ пікірге келгенін атап өтті.
Вице-президенттің сөзінше, Вашингтон Анкараға жаңа санкция салмайды, ал бұған дейінгі шектеулер атыс тоқтағаннан кейін алынбақ.
"Түркиядан жақсы хабар!...Миллиондаған адам аман қалатын болды" деп жазды Трамп Twitter-дегі парақшасында.
Ердоған бұған дейін вице-президентпен кездесудің нәтижелі болатынына күмән білдірген. Тіпті Пенспен кездеспейтінін де айтып қалған, бірақ кейіннен жоспарын өзгертті. Түркия президенті АҚШ санкциясынан да қорықпайтынын айтқан.
9 қазанда Түркия Сирия солтүстігінде күрдтерге қарсы әскери операция бастаған. Анкара күрд жасақтарын "террорист" деп атап, Түркия аумағындағы сепаратистерге дем берді деп айыптайды. Вашингтон күрдтерді "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күресте одақтас санайды. Бір аптадан астам уақыт ішінде Түркия мен одақтастары шекара маңындағы біраз аумақты бақылауына алды. Түркия шабуылынан қорғанған күрдтер Дамаскімен келісім жасасып, күрдтер шоғырланған бірнеше қала Сирия әскерилерінің бақылауына өткен.