22 қаң, 2023 сағат 15:36

Түркия Швецияда демонстранттардың Құран өртегенін айыптады

(Фото: Fredrik Sandberg / TT / EPA / ТАСС)

Түркия сыртқы істер министрлігі Швецияда демонстранттардың мұсылмандар киелі санайтын Құран кітабын өртегенін айыптады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Сенбі күні ультраоңшыл Hard Line партиясының өкілі Расмус Палудан Түркияның Швециядағы елшілігі алдында Құранды өртеген. Reuters-тің жазуынша, билік рұқсат еткен акция кезінде жиналғандар Түркия билігінің Швециядағы сөз еркіндігін шектеу талпыныстарына қарсы шыққан. 

Осыдан кейін швед қорғаныс министрінің Анкараға сапары кейінге қалдырылды, Түркия билігі Стокгольмді келісімді бұзды деп айыптады. 

Стокгольмде Құранның өртелгенін көптеген мұсылман елдері айыптады. Арасында Сауд Арабия, Иордания, Кувейт бар. Түркияда наразылық акциялары өтіп, жиналғандар швед туын өртеді. Түркия СІМ мәлімдеме таратып, Құран өртеуді дінге жасалған шабуыл деп бағалады. Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акар Швециядағы наразылыққа байланысты Швеция қорғаныс министрі Пол Йонсонның келесі аптаға жоспарланған Түркияға сапары кейінге шегерілгенін мәлімдеді. Түркия сонымен бірге Швецияны НАТО-ға қосылу бойынша бұрын жасалған келісімдердің бәрін бұзды деп кінәлады. 

Швеция сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем "елде сөз еркіндігі бар, бірақ бұл Швеция билігінің оның барлық көрінісін қолдай береді дегенді білдірмейді" деп мәлімдеді. 

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұрын бейтараптық ұстанған Швеция мен Финляндия НАТО-ға кіруге өтініш берген. Ереже бойынша, өтініш бергендерді НАТО-ға мүше елдердің барлығы қолдаған кезде ғана әскери одаққа жаңа ел мүше бола алады.

Түркия Швецияға бірқатар талап қойған. Арасында "күрдтердің ұйымдарын террористік ұйым деп тану, Анкараға қару-жарақ беруге салынған тыйымды жою, Түркияға бірқатар күрд белсенділерін беру" туралы талаптар бар.