23 нау, 2021 сағат 09:21

Түркия президенті Қазақстанға келмейтін болды

Түркия басшысы Режеп Ердоған Қазақстанға жұмыс сапарымен келмейтін болды, деп жазады Sputnik агенттігі РИА Новости-ға сілтеме жасап.

Ол Түркістанда өтетін Түркі кеңесінің бейресми саммитіне бейнебайланыс арқылы қосылады.

"Президентіміздің 30-31 наурызға жоспарланған Қазақстан жұмыс сапары болмайтын болды. Ол саммитке онлайн режимінде қосылады", - делінген Түркия президенті әкімшілігінің хабарламасында.

Еске сала кетсек, Режеп Ердоғанның Түркістанға келетіні туралы өткен аптада хабарланған еді.

2009 жылдың қазан айында құрылған Түркі кеңесі заманауи түркі мемлекеттерін біріктірген халықаралық ұйым. Мақсаты - елдер арасындағы жан-жақты әріптестікті дамыту. Ұйымға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мүше, ал Венгрия байқаушы рөлінде.