14 шіл, 2020 сағат 17:22

Түркия мен Еуропа қазақтарынан келген гуманитарлық көмек ауруханаларға таратылуда

Түркия мен Еуропадағы қандастардан келген гуманитарлық көмек ауруханаларға таратылып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Отандастар» қорына сілтеме жасап.

Айта кетейік, 14 шілде күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 02:30-да Түркия мен Еуропадағы қандастар бірігіп ұйымдастырған гуманитарлық көмек Қазақстанға келіп жеткен болатын. 

Көмектің жалпы салмағы – 900 киллограмға жуық. Оның ішінде медициналық заттар (бетперде, термометр, қорғаныш костюмдері және басқалар) және өкпені жасанды желдету құрылғылары бар. Бұл медициналық жабдықтар еліміздегі медицина орталықтарына үлестіріледі.

Жүктің бір бөлігін бүгін «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы», «Отандастар коры» және елімізге Түркиядан арнайы келген қазақ диаспорасының өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы жұқпалы аурулар орталығына тапсырды. Гуманитарлық көмектің қалған бөлігі Алматы, Шымкент және ШҚО емханаларына жеткізіледі.

«Әлемнің қай тұсында жүрсе де, атажұрт Отанын ұмытпай, қиын-қыстау уақытта елімізге қол ұшын созып, бірден көмек көрсеткен Түркиядағы, Еуропадағы қандастарымызға, ағайын-бауырларымызға және осы жүкті жеткізуге атсалысқан барлық мемлекеттік мекемелерге алғыс айтамыз. «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар коры» атынан ризашылығымызды жеткіземіз», - деді журналистерге сұхбат берген «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов.