24 мау, 2020 сағат 17:00

Түркия әуежайларында COVİD-19 тестілеу орталықтары ашылады

2020 жылдың 1 шілдесінде Түркияның барлық ірі әуежайларында коронавирус инфекциясын анықтайтын тест-орталықтар ашылады, қалған әуе айлақтарында мұндай нысандар 15 шілдеден бастап жұмыс істемек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Түркия мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой «Анадолы» агенттігі редакторларының дөңгелек үстелінде мәлім етті. 

Министрдің айтуынша, пандемия кезінде ел тұрғындары мен қонақтарының денсаулығын қорғауға ерекше мән беріледі. 

«Қауіпсіз туризм» сертификатын алуға 727 қонақүй мен 900 мейрамхана өтініш жасады, деп атап өтті мәдениет министрі. 

«Түркия COVID-19-дан қорғану шаралары шеңберінде еуропалық деңгейдегі сертификатталған объектілердің саны бойынша ең қауіпсіз ел», - деді ол. 

Түркия туризм министрі пандемияның елдің туристік индустриясы мақсатына кедергі келтірмегенін атап өтті. 

«2023 жылы Түркияда туристер саны - 75 млн адамға жетіп, туризм саласынан түсетін табыс – 65 миллиардты құрауы тиіс. Біз пандемиядан кейін туризм саласы тез қалпына келеді деп үміттеніп отырмыз», - деді министр.