13 қар, 2021 сағат 11:20

Түркістандық тұрғын жүрегіндегі дертті велосипедтің көмегімен емдеді


Кентаулық Фурқат Қауынбаевтың велосипедті жанына серік еткеніне биыл 36 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде ол 30 велосипед тақымдаған. Олардың екеуі әбден тозығы жеткенше қызметіне жараса, 16-сын ұрлап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фурқат Қауынбаев Кентау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маман қызметін атқарады. Қаладан 14 шақырым жердегі Қарнақ ауылында тұратын ол күнделікті жұмысына велосипедпен барып келеді. Қысы-жазы қос дөңгелекті көлікті жанына серік еткен жігіт ағасы велосипедтін заман талабына сай сәндеп алған. 

– Велосипедті қысы-жазы тебемін. Егер де қыста қар қалың болса, жұмысыма велосипедті жетелеп жаяу барып келемін. Бұл бір жағынан маған үлкен демалыс. Бұрындары ауылдан қалаға келгенше бір велосипед мінетінмін. Ал қаланың ішіндегі жұмыстарыма екінші велосипедімді пайдаланатынмын. Қазір барлығына бір велосипедпен барып жүрмін. Үйдегі гаражымда қосымша үш велосипедім тұр, – дейді ол.

Бұқаралық спорттың бұл түрі жігіт ағасының денсаулығына көп пайдасын тигізіпті. Бозбала шағында жеңіл атлетикамен шұғылданған Фурқат жоғары оқу орнында оқып жүргенде жүгіруден ешкімге дес бермеген. Қатарының алды болып, институттың чемпионы атанған. Тіпті, республикалық универсиадаларға да қатысқан. Үлкен дәрежеге жетпесе де, кішігірім сайыстардың алды болған. Әскерге барған кезінде де жанына серік болған спорттан қол үзбеген. Тек қызметке орналасқан соң, жүгіруін сиретіпті. 

– Шахтаға диспетчер болып жұмысқа орналастым. Бір жерде отырып жұмыс істеген соң спортты қоюға тура келді. Біраз күн өткен соң жүрегім ауырып төсек тартып жатып қалдым. Тексерілдім. «Жүрегің үлкейген» деген диагноз қойды. Оған басты себеп – спортты тастап кетуім болыпты. Организм әбден қалыптасып қалғаннан кейін, спортты тастап кетуге болмайды екен. Жүрек ауруы бойынша науқас атанып, есепке тұрдым. Ауруханадан шыққан соң ауылдан қалаға жүгіріп барып келіп жүрдім. Ауылдастарым күліп, келемеждеген соң велосипедке көштім. Сонда да әкеме келіп: «Балаңа қой десейші, ұят қой, ақшасы жоқ болса, ақша берейік», дегендер де болды. Алты жыл қатарынан велосипедпен жүрген соң дәрігерлер «жүрегің қалыпты» деп есептен шығарды. Халық та мені 15 жыл бойы сөз етті. Қазір үйренді, – дейді кентаулық велошабандоз. 

Фурқат Захитдинұлы жұмысына 35 минутта жетеді. Бөлімге берілген қызметтік көлікті тек рейдтік жұмыстарда, құрылыс нысандарын аралағанда немесе алыс сапарға шыққанда ғана пайдаланады. Басшылардан да «велосипедіңді таста, ұят болады» дегендері де кездесіпті. Тіпті, «Сен өзіңе жүктелген жұмысты емес, жеке істеріңді атқарып жүрсің», деп ұрысқан кездері де болыпты. Тек жағдайды айтып түсіндірген соң, «жоқ» дей алмапты. 

- 1985 жылы бір жалақыма «Турист» деп аталатын велосипедін сатып алдым. Содан бері 36 жыл өтті. Бір велосипедім аптаға жетпей қолды болды. Кейде аптасына екі велосипедті ұрлаттым. Ал ең ұзағын 14 жыл міндім. Рамасының 8 жерінен жамалған еді. Ауылға кетіп бара жатып үш жерінен сынып кетті. Мен көпшілігінде ұсталған велосипедті сатып аламын. Осыған дейін 30 велосипедке мінсем, соның үшеуі-ақ жаңа еді – дейді ол. 

Фурқат велосипедті жоғары талғаммен алады. Ақауы байқалса, жөндеп алу еш қиындық тудырмайды. Жақсылап күтіп мінсе, жемшөп, бензин сұрамайтын велосипед жүріп-тұруына жарап тұр. 

– Жуырда балам Алматыдан 1987 жылғы велосипед алып келіп берді. Жаңасын алмақшы болып едік, 300 мың теңге тұрады екен. Бізге қымбатқа түсті. Содан базардан 15 мың теңгеге ескісін алдық. Қаланың адамдары да мені жақсы таниды. «Менде мынандай велосипед бар, аласың ба?» – деп ұсыныс жасайтындары да бар. Егер де ұнап жатса, кері қайтармаймын, – дейді ол.