26 қар, 2021 сағат 10:48

Түркістанда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы өтіп жатыр


Бүгін Түркістан қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы басталды. Ауқымды шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, сондай-ақ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Парламент депутаттары қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында өтіп жатқан құрылтай, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен келген қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің, облыстар мен қала басшылары бастаған делегаттардың басын қосты. 

Жиналған қауым алдында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев баяндама жасап, келелі басқосудың маңыздылығына тоқталды.

Жиында сондай-ақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланып, ұйымның жаңа Жарғысы қабылданады деп күтілуде. Орталық тексеру алқасының есебі тыңдалып, Орталық кеңесінің жаңа құрамы таныстырылмақ. Бұдан өзге Қоғамның жаңа бағдарламасы мен құрылтай қаулысы қабылданады деп күтілуде. Ұйым жұмысына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтар да марапатталмақ.