Түркістан және Павлодар облыстарында оқулық жеткіліксіз. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«268 мектеп күрделі жөндеу жұмысымен қамтылды. Басым көпшілігі оқу жылының басына дейін аяқталады. Дегенмен, 36 мектепте күрделі жөндеу жұмысын аяқтамау қаупі бар. 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстары аяқталмайтын мектептердің ең көп саны Алматы, Қостанай облыстарында. Сондықтан осы облыстардың әкімдерін аталған мәселені жеке бақылауда алып, тиісті іс-шара қолдануларын сұраймын», - деді Асхат Аймағамбетов.
Министр оқушылардың оқулықпен қамту жайында да ерекше тоқталып өтті.
«Биыл 1-сынып оқушыларын жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта оларды баспалардан жеткізу жұмысын ұйымдастырып жатырмыз. Одан басқа оқушы контингентінің өсуіне байланысты қосымша оқулықтар және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көркем әдебиет сатып алу жұмысы да ұйымдастырылуда. Бірақ, 2 облыс бойынша оқулықтар жеткіліксіз. Олар: Түркістан және Павлодар облыстары. Бірақ, қазір бұл облыстар қосымша қаршы бөліп, мәселе шешілуде», - деді ол.
