Түркістан облысында жыл басынан бері карантин режимін бұза отырып, ұлттық спорт түрі көкпар өткізудің 40 жайты анықталған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған жайттарды рейд барысында анықтаған полицейлер, тиісті шара көрілу үшін қажетті құжаттарды жинақтап, СЭББ-ға жолдауда.
Дегенмен карантин шараларын елемейтін азаматтардың саны азаймай отыр.Осылайша олар халық денсаулығын қауіпке итермелеуде.
Осындай бір топ адамды жинап, көкпар өткізудің кезекті жайты Төлеби ауданында анықталды.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Абай ауылдық округіне рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде Абай ауылы маңында 120-ға жуық адамның қатысуымен өткізіліп жатқан «бата көкпар» тоқтатылып, полиция қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Көкпарға жиналған халық бірден тарқатылды.
Көкпарды ұйымдастырушы Төлеби ауданының тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлімімен материалдар жинақталып, әкімшілік хаттама толтыру үшін СЭББ-ға жіберілді.
Нәтижесінде құзырлы орган тұрғынға 30 АЕК көлемінде айыппұл салды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға карантин режимінің талаптарын қатаң сақтауды, бұқаралық спорттық және басқа да іс-шараларды өткізуден бас тартуға кеңес береді.
Карантин кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау қажет. Сондай-ақ, медициналық бетперде тағып, антисептиктер қолданып, әлеуметтік арақашықтықты сақтаған жөн.