28 там, 2024 сағат 16:23

Түркістан облысында жұмыспен қамту мәселесі басты назарда


Фото:gov.kz
Түркістан облысы Қазақстандағы халқы тығыз орналасқан, халық саны ең көп облыстардың бірі екені белгілі. Сондай-ақ бұл облыс бала туу көрсеткіші жағынан да жоғары, жас облыстардың бірі. Бүгінде ресми мәлімет бойынша Түркістан облысында 2 миллионнан астам халық тұрады екен. Олардың ішінде 850 мыңға жуық еңбек күші бар көрінеді.

Аймақта қанша адам еңбек етеді?

ҚР Старатегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарайтын болсақ, соңғы 10 жылда Түркістан облысында жұмыс күші біршама азайған екен. Мысалы үстіміздегі жылдың 2 тоқсанында экономикалық тұрғыда белсенді халық саны 849 186 болса, 2014 жылдың 2 тоқсанында бұл көрсеткіш 1 258 164 құраған.  Түркістан облысында жарты миллионға жуық жұмыс күші құрамына кірмейтін азамат бар көрінеді.

Айта кетейік, жұмыс күші деп 16 жастан бастап зейнет жасына тақағанға дейінгі барлық еңбекке қабілетті азаматтарды айтамыз. Оларға тұрақты жұмысы барлары да, жұмыссыздарын да қосуға болады. 

Ал жұмыссыздық деңгейі бірте-бірте түсіп келе жатқанын байқауға болады. Осыдан он жыл бұрын Түркістан облысында жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құраса, биыл екінші тоқсанның қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4,8 пайызға азайыпты. Сөйтіп, жалпы алғанда бұл облыста биыл жұмыссыздар саны 40 700 адамға жуықтаған көрінеді. 

Жұмыспен қамтылған халық саны биыл 808 мыңнан асады, оның ішінде жалдамалы қызметкер – 434 мыңнан артық екен , ал өзбетінше жұмыспен қамтылғандар – 374 мыңнан асатын көрінеді.

Ауылдағы ахуал қандай?

Жалпы Түркістан облысында халықтың басым бөлігі (75,2 пайыз) ауылды жерде тұрады. Сонымен қатар, облыстың жері, табиғаты және ауа райы ауыл шаруашылығына қолайды болып табылады. Сондықтан да болар Түркістан өңірі елдегі ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аймаққа жатады. 

Қазақстан Республикасы Президенті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес».


Түркістан облысында ауыл шаруашылығы  оның ішінде мал шаруашылығы, бау-бақша, егін шаруашылығы су шаруашылығы және балық шаруашылығы қарқынды жұмыс істеп тұр.  

Айта кетейік, Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенінің дамуы 1-ші жартыжылдықта Республика бойынша алғашқы орынға шыққан болатын. 

Экономикалық өсім туралы айтатын болсақ, ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 216,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,3 млрд. теңгеге артып, нақты көлем индексі 107,1% жетіп, Республикада бірінші орынға тұрақтады.

Оның ішінде: өсімдік шаруашылығы 41,4 млрд. теңге (109,0 %); мал шаруашылығы 171,2 млрд.теңге (106,9 %).
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 58,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, т.к 1,4 есе (136,3 %), тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 11,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, т.к 2,4 есе (237,3 %) артты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты - 153 млн. АҚШ $-на 502 мың тонна өнім өнімі экспорталып, тиісті кезеңнен 112,4 % ұлғайды (т.к 136,1 млн. АҚШ$). О.і
- Өсімдік шаруашылығы 369,4 мың тонна (39,1 млн. АҚШ$);
- Мал шаруашылығы 9,5 мың тонна (24,3 млн. АҚШ$);
- Қайта өңдеу 122,9 мың тонна (89,6 млн. АҚШ$);

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биылғы жылы өңірге республикалық бюджеттен 10,6 млрд. теңге қаражат бөлініп, жобаға 62 ауылдық округтер және 62 кооператив қатысады. 6 бағыт қаржыландырылады. Оған өсімдік, мал, құс және шаруашылықтары, кооперативтерді жабдықтау мен өз кәсібін ашу жатады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан азаматтары үшін маңызы жоғары қасиеттер мен құндылықтардың бірі еңбекқорлық екенін айтқан болатын. Ол еңбексүйгіштікті маңызды мәселелердің ішінде алғашқы орында тұрғанын атқан.

«Біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Түрлі қаржы пирамидасына, құмар ойындарға әуес адамдар ақшаның оңай жолмен келмейтінін түсінуі керек. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады», -деген болатын мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Алматыға барған сапарларының бірінде. 


Түркістандағы жалақы жайы қандай?

Айта кетейік, Түркістан облысы соңғы 5 жылда елдегі күнкөріс деңгейі төмендеген облыстардың қатарына кіреді. Нақты табыстың тұрақты оң серпініне қарамастан аймақта еңбек табысының төмен болу проблемасы байқалады. Мамандар соның салдарынан өзін-өзі жұмыспен қамтудың үлесі жоғары деп отыр. 

Сонымен қатар халық аласында теңсіздік өсіп келе жатқаны, оның үстіне өнімділігі төмен және табысы төмен жұмыспен айналысатын азаматтар көп болуы айтарлықтай проблема тудырып отырған көрінеді. Ресми деректер бойынша қазіргі уақытта Қазақстанда 3 млн жалдамалы жұмыскер жалақысы аз, өнімділігі төмен салаларда жұмыс істейді екен.

«Бұл экономикада жоғары деңгейдегі дағдыларды талап етпейтін жұмыс орындарының құрылуымен түсіндіріледі, мұның өзі өнімділік пен еңбекақы төлеуге әсерін тигізеді. Оның себебі табыстың өсуінде айтарлықтай әлеуеті бар өңдеу өнеркәсібінің, әсіресе жоғары технологиялық кәсіпорындардың (жоғары өнімдерді шығаратын) нашар дамуында болып отыр. Осыған байланысты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін, оның ішінде өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру арқылы жұмыс күші дағдыларын арттыру талап етіледі» деп жазылған "Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы" кешенді жоспарында. 


Еске сала кетейік, елдегі кедейлік пен жұмыссыздықты жою бойынша елімізде "Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы" іске асып жатыр. Бұл бағдарлама Қазақстандағы жұмыспен қамту, еңбек мәселесін шешуге бағытталған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2024 жылғы екінші тоқсанда қызметкерлерге есептелген (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын, шағын кәсіпорындарсыз), орташа айлық атаулы жалақы 324 470 теңгені құрады, ол өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 8,5% өскен. 2024 жылғы IІ тоқсанда нақты жалақы индексі 101,7% болып қалыптасты.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанда Түркістан облысы халқының  орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы бағалау бойынша 109 628 теңгені құрады. 2023 жылғы I тоқсанға қарағанда 18,4% жоғары, аталған кезеңге нақты ақшалай табыстың өсу қарқыны – 8,8% құрап отыр.