Фото: Pexels.com
Түркістан облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде заңсыз әрекет жасаған алты сотталушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Түркістан облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының арнайы прокурорлары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің талаптарына бағынбау фактісі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдаған.
Тергеу барысында анықталғандай, №55 мекемеде қатаң ұстау жасағында ауыр және аса ауыр қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан алты сотталушы алдын ала сөз байласу арқылы мекеме әкімшілігінен заңсыз жеңілдіктер талап еткен: түнде теледидар көру, серуендеуге шығу, өз бетінше тамақ дайындау, белгіленген киім үлгісін кимеу және өзге де заңмен тыйым салынған артықшылықтар.
Сотталушылар заңсыз әрекеттерін ұйымдастыру мақсатында өздеріне жарақат салған.
Сот олардың әрқайсысын 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті және жазаны бұрынғыдан да қатаң жағдайда өтеу туралы шешім қабылдады.
