Фото: Үкімет
Қазақстан Үкіметі Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялық келісім жасауды мақұлдады. Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жобаның негізгі мақсаты – алқаптағы мақта өсіруден бастап дайын киім шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл құру. Бұл бағыттағы кешен Отырар ауданы мен Арыс қаласының аумағындағы 60 мың гектар суармалы жерді қамтиды. Нәтижесінде 1,4 мыңнан астам тұрақты, 300-дей уақытша жұмыс орны ашылмақ.
Инвестор – қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. Компанияның жалпы инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден асады, ал алғашқы кезеңде 58 млрд теңге бағытталады. Инвестиция тарту туралы уағдаластық Премьер-министр Олжас Бектенов пен компания басшысы Чжан Цихай арасындағы келіссөздер барысында жасалған.
Жоба шеңберінде бұрын Қазақстанда қолданылмаған бірқатар заманауи технологиялық шешімдер енгізіледі:
– тамшылатып суарудың жоғары тиімді жүйесі бар 196 сорғы стансасы;
– 500 шақырымнан астам суару арналары;
– үш ірі сорғы және үш трансформаторлық қосалқы станса;
– тыңайтқыштарды интеграцияланған әдіспен беру жүйесі;
– әлемдік өндірушілердің техникасы: жоғары қуатты тракторлар, мақта жинау машиналары, бүріккіштер және арнайы құрылыс техникасы.
Кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу, тамшылатып суаруға арналған құралдар мен иілгіш құбырлар шығаратын өндіріс те іске қосылады. Бұл импортқа тәуелділікті төмендетіп, мақтадан иірілген жіп, мата және дайын киімге дейінгі тұйық цикл қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда жыл сайын 70–75 мың тонна мақта талшығы өндірілсе, оның 85%-ы экспортталады. Жоба іске асқан жағдайда ел ішіндегі терең қайта өңдеу үлесі артып, дайын тоқыма өнімдерінің өндірісі мен экспорттық әлеует күшейеді. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске – логистика, техника жөндеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларына жаңа серпін береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Түркістан облысында мақта егісі жалпы ауыл шаруашылығы алқаптарының 15,9%-ын алып жатыр. 2025 жылы 428 мың тонна шитті мақта жиналып, соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелген. Бұған суды үнемдейтін технологияларды енгізу және өнімділікті арттыру шаралары әсер еткен.
