Түркістан облысында қымбат көліктерді ұрлап, оны еліміздің үш өңіріне сатып келген қылмыстық топ ұсталды. Тергеу барысында төрт адамнан құралған топтың 5 көлікті ұрлағаны анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қылмыстық топтың мүшелері екі көлікті Ақтөбе қаласында қолды етсе, қалған үшеуін Түркістан мен Қызылорда облыстарында айдап кеткен. Ал, көліктердің есігін ашу үшін арнайы бағасы 5 миллион теңге тұратын құрылғыны пайдаланған. Тәртіп сақшылары ұрланған 4 көлікті Ақтөбе облысының тұрғындары арзан бағада сатып алғанын анықтады. Оларды жедел уәкілдер Шымкент қаласы мен Ақтөбе және Қостанай облыстарында ұстады. Ал бір сатып алушыға қатысты іздеу жарияланған.
«Шымкент қаласында полицейлер ұрланған «Тойота Камри-55« автокөлігін тәркіледі. Оны күдіктілер 4 миллион теңгеге сатып үлгерген және ұрланған автокөліктің есігін ашқан электронды сканер аппараты да айғақты зат ретінде алынды.Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын белгісіз тұлғалардың оның «Тойота Камри-55« маркалы автокөлігін ұрлап кеткені туралы арызданған. Арнайы жүргізілген операция нәтижесінде біздің жедел уәкілдер 4 күдіктіні ұстады. Олардың төртеуі Ақтөбе облысының тұрғындары, оның ішінде екеуі деструктивті діни ағымның мүшелері болып шықты. Ұсталғандардың үшеуі бұрын қарақшылық және қару сақтағаны үшін сотталған. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің алдын-ала жоспарланған сызба бойынша, әрқайсысы өз рөлін сомдау арқылы әрекет еткені анықталды. Күдіктілер құны 10 миллион теңгеден асатын автокөліктерді арнайы сканерлеу құрылғысының көмегімен ашқан. Олар автокөлік иелерін бақылап, есіктерін ашқан кезде электронды құлыптарды сканерлеген. Сезіктілер қымбат көлікке қол жеткізгеннен кейін, оларды тұрақтан немесе көшелерден ұрлап, айдап әкеткен», - дейді Түркістан облыстық ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда