11 мау, 2021 сағат 12:26

Түркістан облысында егістік алқабына жұмысқа кеткен қыз із-түзсіз жоғалған


Түркістан облысында жоғалған бойжеткен бірнеше күннен кейін Алматы қаласынан табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, 20 жастағы қызы таңғы уақытта егістік алқабына жұмыс істеуге кетіп, 2 күннен бері табылмай жатқанын айтқан. Ұялы телефоны өшірулі. 

Аталған жайтты тіркеуге алған жетісайлық полицейлер бірден жедел әрекетке кіріскен. 

«Көрген-білгендерден жауап алып, қыздың суретін көрсетіп, жақын аймақтағы полицейлерге де бағытнама берілді. Қыздың достары мен баруы мүмкін жерлер тыңғылықты тексерілді. Полицейлердің күні-түні үзіліссіз жұмысының нәтижесінде қыз Алматы қаласынан табылды. Полицейлер жас қызды отбасына дін-аман қайтарды», - деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, із-түзсіз жоғалған қыз ауылдағы табысын азсынып, Алматы қаласына жұмысқа кеткен. Онда жалдамалы пәтерге орнығып, қаладағы дәмханалардың біріне жұмысқа орналасқан. Ата-анасы өзге қалаға кетуге рұқсат бермейтінін ойлаған бойжеткен оларға хабарын бермеген. 

Қыздың анасы полицейлерге ризашылығын жеткізгенін айта кетейік.