Биыл әлемдік пандемияға байланысты екінші жыл қатарынан қашықтан оқу, онлайн оқыту болғандықтан мектептерге жөндеу жұмыстарын жасап, жаңа мектептердің құрылысын жүргізу қарқынды түрде жүріп жатқаны белгілі. Осы орайда Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев облыстағы білім беру сапасы мен салынып жатқан мектептердің құрылысы туралы айтты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Ведомство басшысының айтуынша, биыл Түркістан облысында 51 мектептің құрылысы жүргізіліп, осы жылдың соңына дейін 44 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, аталған өңірдегі 900 мектептің 173-і ыңғайластырылған ғимараттар. Алдағы уақытта оларды жаңарту көзделіп отыр.
«2025 жылға дейін трансферттер есебінен мемлекеттік - 107 мектептің, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында - 15 мектептің, жекеменшік - 27 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Өйткені осы жылы басқарма тарапынан үш ауысымға өту қаупі бар мектептерге талдау жүргізіліп, аудан-қалаларда орналасқан 52 мектеп анықталып отыр. Қазіргі таңда 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп бар. Биыл сол 2 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылы пайдалануға беріледі», - деді басқарма басшысы.
Белгілі болғанындай, 2021-2023 жылдар аралығында қалған 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталатын болады.
Сонымен қатар, ауылда тұратын оқушыларға арналған екі кезеңнен тұратын «Мың бала» ұлттық олимпиадасы ұйымдастырылатынын айтты.
«Олимпиадиаға оқушыларды тіркеу 24 ақпан-24 наурыз аралығында жалғасады. Жарыс жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде «Білім-Инновация» лицейлерінде, Республикалық физика-математика мектебiнде және «Дарын» мамандандырылған мектебінде оқуға мүмкіндік алады. Олимпиаданың 5 мың финалисі Елбасы Академиясының «Вirge oqý» онлайн-мектебінде тегін оқи алады. Олимпиадаға Қазақстанның ауылдық мектептерінде соңғы екі оқу жылында білім алып жатқан 5 және 6-сынып оқушылары қатысады», - деді Рақымбек Қуатбекұлы.
Белгілі болғанындай, алғашқы кезеңде логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалау мен онлайн форматта тестілеу өткізіледі. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алады. Екінші кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, академиялық білімді бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді. Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтары базасында ұйымдастырылады. Бұл олимпиадаға облыс бойынша 61 мың бала қатысады деп күтіліп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев облыстағы білім беру сапасы мен салынып жатқан мектептердің құрылысы туралы айтқан болатын. Басқарма басшысының айтуынша, биыл Түркістан облысында 51 мектептің құрылысы жүргізіліп, осы жылдың соңына дейін 44 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, аталған өңірдегі 900 мектептің 173-і ыңғайластырылған ғимараттар. Алдағы уақытта оларды жаңарту көзделіп отыр.