11 қаз, 2018 сағат 12:36

Түркістан қаласын дамытуға 6,5 млрд теңге бөлінбек

ҚР Парламенті Мәжілісінде 2018-2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Жиында қаржы министрі Әлихан Смайылов аталған заң жобасы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік өзгерту туралы Мемлекет басшысының жарлығын және олардың дамыту бойынша шаралар қабылдау туралы тапсырмаларды іске асыру үшін әзірленгенін атап өтті.

Оның айтуынша, бюджеттің негізгі параметрлері өзгермеген. Осы орайда ол бюджетке енгізілетін шығыс өзгерістеріне байланысты 155 млрд теңгенің бір бөлігі қайда жұмсалатанынын жеткізді.

«Бірінші, Елбасының Шымкент пен Түркістанның әкімшілік статусының өзгеруіне байланысты және оларды дамыту туралы берген тапсырманы орындауға бағыттылған. Ол үшін бюджеттен 29,7 млдр теңге бөлу қарастырылып отыр. Оның ішінде 15,1 млрд теңге осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысына бөлу көзделген субвенция», - деді министр.

Сондай-ақ Смайылов Түркістан облысы мен Шымкент қаласын дамытуға қомақты қаражат бөлу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Нысаналы трансферттер аясында аталған өңірлерді дамыту мақсатында қосымша 12,8 млрд теңге бөлінбек. Оның ішінде 6,5 млрд теңге Түркістан қаласын, 3,7 млрд теңге Түркістан облысын және 2,6 млрд теңге Шымкент қаласын дамытуға бөлінеді. Сондай-ақ Түркістанға облыс орталығы статусы берілгені белгілі. Сондықтан орталық атқарушы органдардың жергілікті бөлімдерін ашу қажет. Аталған іс-шараға 1,7 млрд теңге бөлу көзделген», - деді ол.

Сөз соңында Әлихан Смайылов болашақта бөлінетін ақша өңірдегі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын көркейтуге, жылу энергетикасын, газ және транспорт секторын дамытуды, әрі білім және денсаулық сақтау нысандарын салуға жұмсалатынын атап өтті.