12 жел, 2018 сағат 15:35

"Түркістан - адалдық алаңы" жобалық кеңсесі ашылды

Бүгін, яғни 12 желтоқсан күні Түркістан облысының әкімдігінде оңтүстік өңірге іссапармен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары А.Шайымова облыс активімен кездесті.

Іс-шараға Министрліктердің аумақтық департамент басшылары, жергілікті атқарушы орган басшылары, қала, аудан әкімдері, облыстық арнайы мониторинг тобының, қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев: «Елбасы өз Жолдауында "Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер" жобасын іске асыруды тапсырды. Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында бүгін  «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің салтанатты ашылуы болды. Жобада тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы жағдай жасау тетіктері қарастырылған, яғни білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қолдау, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, мемлекеттік кірістер органдары, сот және құқық қорғау органдары, бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі», - деп атап өтті.

Кездесуде сөз алған Агенттік Төрағасының орынбасары А.Шайымова еліміздегі мемлекеттік қызметті жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы кеңінен баяндап берді.

Сондай-ақ, А.Шайымова Агенттікпен бастау алған кіші бағдарламалар мен қолға алынған жобаларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді жүргізу үшін, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. 

Іс-шара соңында жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.