Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты елімізге еңбегі сіңген қоғам қайраткері, жазушы Алдан Смайыл өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасы мақаласындағы тапсырмаларды орындау мақсатында Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ немесе Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында түркологтардың арнайы бірлестігін құру керек деп есептеймін. Және оларды толық қаржыландырып, басқа міндеттерден босату керек. Яғни олар түркі дүниесімен байланысы бар елдермен тығыз жұмыс жасап, бірлескен жобаларды жұмылып атқаруы тиіс. Елбасы өзі «керек болса, шетелден мамандарды шақырту қажет» деп айтып өтті. Осы тұрғыда түркі әлемі қазақтармен ғана байланысты емес. Бұл - ортақ іс пен абырой», - деді Алдан Смайыл.
Оның айтуынша, аталған бірлестік ежелгі заманнан бастап бүгінге дейінгі түбі бір түркі тарихын жаңа көзқараспен зерделеп шығуы керек.
«Аталған зерттеулердің нәтижесінде өзіміздің түркі тілдес халықтардың ортақ энциклопедиясын жасауымыз керек. Оның аса қиындығы жоқ, өйткені көптеген түркі тілдес бауырларымыз, яғни түрік, әзербайжан, қырғыз және басқалардың шыққан тегі, түп-тамыры туралы дайын еңбектері бар, ол бізде де бар. Соларды жинақтап, шағындау қажет. Бұлай дейтін себебім, том-том болған тарихи шежірелерді қазіргі жастар оқып отырмайды. Ал жинақтап және заманға сай электронды түрде жасап шығарса және ол қолжетімді болса, онда мәселе басқаша», - деді ол.
Сонымен қатар, қоғам қайраткері түркі тілдес халықтардың ортақ тарихы мен бауырластығын баяндайтын телевизиялық жоба түсіру қажеттігіне де тоқталды.
Айта кетейік, Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу керектігін айтқан болатын.