Фото: Akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Түркі әлемі" атты жаңа брендті дәріптеуге шақырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Түркі жұрты Байкалдан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты жайлап жатыр. Түркі әлемінің өркениеті Ұлы даладан бастау алатыны баршаға мәлім. Осы ортақ құндылықтарымыздың мұрагері – Түркі мемлекеттері ұйымы.
Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз "Түркі әлемі" атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі", - деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан ұйымға төраға ретінде өзара іс-қимылды жандандыруға баса мән беріп отырғанын баса айтты.
«Сондай-ақ біз түрлі саладағы байланысты орнықтыруға, халықаралық беделімізді көтеруге күш саламыз.
Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз „ТҮРКІ ДӘУІРІ!“, яғни „TURKTIME!“ ұранымен өтеді. Осыған орай, салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық береміз. Бұл басымдықтар ұйымның 20-шы саммитіне дейінгі он жылды қамтитын қысқа және орта мерзімге арналған», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.