Астанада Халықаралық Түркі академиясында (TWESCO) Түркия Республикасының 95 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мерекелік шараға бірқатар мемлекеттердің елшілері, TWESCO-ға құрылтайшы елдердің өкілдері, түркологтар қатысты.
«Түркия халқын бүгінгі ұлттық мерекесімен, Республика күнімен құттықтаймын. Кезінде Мұстафа Шоқай Түркияға барғанда өз мақаласында «Түркі кіндігінен тараған әрбір азаматтың екі отаны бар, оның бірі - кіндік қаны тамған туған жері болса, екінші отаны - Түркия» деп жазған екен. Шын мәнінде құрылғанына 95 жыл толып отырған Түркия Республикасы әрбір түркі нәсілінен туған азаматтың екінші отаны іспетті қызмет атқарды. Біздің Халықаралық Түркі академиясының құрылтайшыларының бірі», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі өзінің құттықтау сөзінде.
Сонымен бірге, академия басшысы жақында маңызды шешім қабылдағандарын жеткізді.
«Академияның құрылтайшы мемлекеттерінің барлық мемлекеттік мерекелері мен атаулы күндерін Түркі академиясында жоғары деңгейде атап өтуді ұйғардық», - деді Дархан Қыдырәлі.
Өз кезегінде Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык Қазақстан жұртшылығы мен Халықаралық Түркі академиясына алғыс білдірді.
«Атажұртымыз Қазақстанда Республика күнімізді тойлау біз үшін мақтаныш. Түркия Республикасы Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Осман империясының құлдырауымен құрылған болатын. Бауырлас Қазақстанның астанасында, Халықаралық Түркі академисясында бас қосқанымызға куаныштымын. Бүгінгі мереке Түркияда да салтанатты түрде тойланып жатыр. Екі ел арасында бауырластық пен достық, әсіресе мемлекет басшылары арасындағы жылы қарым-қатынас достығымыздың одан әрі дамуына әсер етіп жатыр. Тәуелсіздігіміз, достығымыз және бауырластығымыз мәңгілік болғай», - деді Түркия елшісі.
Сонымен бірге, шараға келген Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов және Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лувсан Баттулга Түркия елшісін құттықтап, өз лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, 1920 жылы 23 сәуірде грек-түрік соғысы кезінде құрылған Ұлы ұлттық жиналыс Түркияны Республика ретінде жариялаған болатын. Алайда, республика 1923 жылдың 29 қазанында ғана ресми түрде мойындалды.
Түркия - Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Оңтүстік-Батыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Болгария, Грекиямен, солтүстік-шығысында Грузия, Армениямен, шығысында Иранмен, оңтүстігінде Ирак, Сириямен, сондай-ақ солтүстігінде Қара теңізбен, солтүстік-батысында Мәрмәр теңізімен, оңтүстігінде Жерорта теңізімен, батысында Эгей теңізімен шектеседі.