12 нау, 2019 сағат 10:26

Туризм Қазақстан экономикасының драйверіне айналуы тиіс - Мамин

Бүгін Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды.

Жиында мәдениет және спорт министрінің, бірқатар облыс әкімдерінің баяндамалары мен тәуелсіз сарапшылардың пікірлері тыңдалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

А. Мамин Мемлекет басшысының туризмді дамытудың аса маңызды екенін бірнеше мәрте тайға таңға басқандай атап өткенін айтты.

«Алдымызда туризм саласын дамыту аясында күрделі, өршіл, дегенмен қолдан келерлік міндет тұр», — деді Премьер-Министр А. Мамин.

Алдын ала бағалау бойынша, ҚР туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде:

  • 2025 жылға қарай туризм саласының ЖІӨ-дегі үлесі 8%-ға дейін жетеді;
  • туризмді дамытуға инвестициялар көлемі алдағы 7 жылда 2 трлн теңгені құрайды;
  • 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады, оның 72 мыңы – тұрақты жұмыс орындары.
  • туристер саны жылына 7 млн-нан 15 млн-ға дейін ұлғаяды.

Премьер-Министр туризм саласы Қазақстан экономикасының драйверіне айналуы тиіс екенін айтты, бұл үшін барлық қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалған.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне Мемлект басшысымен келісілгеннен кейін Мемлекеттік бағдарлама жобасын Үкіметке бекітуге енгізу тапсырылды.