01 қыр, 2021 сағат 18:32

Тұрғындар отбасылық шараларды антисанитарлық тар жерлерде тығылып өткізуге мәжбүр - депутат


Қазіргі кезде кәсіпкерлердің жинаған қорлары таусылуда. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары өңірлерде кәсіпкерлермен кездесу барысында бірқатар мәселелерді талқылаған болатын. Солардың ішінде рестораторлармен карантин шектеулеріне қатысты мәселе қызу пікірталас туғызды. Осы бизнестің өкілдері отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салуды алып тастауды талап ете отырып, өз тарапынан ұсыныстар пакетін де дайындап қойған. Мысалы, қызметкерлерді 100 пайыз вакцинациялау, «Ashyq» жүйесін қолдану, үй-жайларды дезинфекциялау, келушілер толымдылығын 30-50 пайыздан асырмау, бір келушіге 4 шаршы метр жерден кем болмауы және тағы басқалары. 

Олардың айтуынша, пандемияның алғашқы күндерінен бастап, өздері карантин шараларына белсенді түрде ықпал еткен, жұмыстарын тоқтатып, жұмыссыз қалған қызметкерлерге жинақтарынан жалақы төлеп, ауруханаларға қажетті жабдықтар мен жеке қорғану құралдарын сатып алуға көмектесіп, бүгінде мұқтаж адамдарға дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен көмектесуді жалғастыруда», - деді Б. Дүйсенбинов Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында. 

Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде кәсіпкерлердің жинаған қорлары да, шыдамдары да таусылды. Күнделікті тұрмыс-тіршілік шығындарына қоса, шектеулерге байланысты жұмыссыз бос тұрған ғимараттардың коммуналдық төлемдері, оны қарап, күзетуге кететін төлемдер кәсіпкерлерге жығылғанның үстіне жұдырық болып отыр. 

«Өкінішке қарай, вирус өміріміздің тұрақты факторына айналуда. Ал өмір жалғасуда: жастар отбасын құрады, адамдар өмірге келеді және дүниеден өтеді. Біздің халқымыз қызығын да, қайғысын да жақынымен бірге бөліскен еді. Ал бүгінде азаматтарымыз кең ғимараттарда сақтық шараларын сақтай отырып өткізетін отбасылық шараларды антисанитарлық тар жерлерде тығылып өткізуге мәжбүр. Отбасылық шараларды өткізуге рұқсат бермеу, шын мәнінде, індеттің таралуын тоқтатуға еш әсер етіп отырған жоқ. Шектеу шаралары көзбояушылыққа, індетпен күрестің бейшара көрінісіне, коррупцияға айналды. Ресми түрде шектеу болғанымен, іс жүзінде жанұялық шаралар мен той жиындар пәтерлерде, жеке үйлер мен көзден таса кафелерде өтіп жатыр. Оның үстіне, өңірлерде шенеуніктерге жақындығы бар немесе «қажет жерде» құнын төлеген мейрамханалар тәулік бойы ешқандай шектеусіз, қонақтар санына қарамай жұмыс істейтіндігі де ешқандай да құпия емес», - деді депутат. 

«Сондай-ақ, қоғамдық көліктердегі иін тірескен адамдар мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектерді көргенде қандай санитарлық нормалар туралы айтуға болады?!», - деп тоқталды Берік Дүйсенбинов. 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкіметке осы мәселені жедел қарастырып, шұғыл шешім қабылдау мақсатында бірнеше баламалы жобалар:

1) отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынатын болса, онда бүгінде шектеудің нәтижесінде қаңырап бос тұрған ғимараттарды одан әрі пайдалану, оларды жаңа мақсатқа бейімдеуге, яғни мектептер, ауруханалар, спорт мекемелеріне айналдырып, қайта жабдықтауға көмектесуді;

2) егер отбасылық шаралар өткізуге рұқсат етілген жағдайда, дағдарыстан шығаруға қауқарлы, қажетті, әрі кәсіпкерлерге түсінікті, әділ шараларды қарастыра отырып, шектеуден реттеуге көшіп, бизнес объектілерін қайта жандандыруды және рестораторлардың карантин талаптарын орындау мақсатында әзірлеген ұсыныстар пакетін қарастыруды;

3) індетті форс-мажор ретінде ресми түрде мойындап, тоқтап тұрған шағын және орта бизнес объектілері бойынша коммуналдық төлемдерге, мүлік салығына жұмсалатын басқа да шығындарды өтеуді ұсынады.